Жаңалықтар

«Шаңырақ күні» перзентханадағы аналарға құрмет көрсетілді

Наурызнаманың онкүндігі аясында өңірде мәдени-көпшіліктік бағдарламалармен қатар, тәрбиелік тағылымы мол іс-шаралар легі өте көп. Солардың бірі – бүгін, дәл Шаңырақ күні «Періштелер мекенінде» әдемі көрініс тапты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов  облыстық перинаталдық орталыққа арнайы ат басын бұрып, меркеде аяқ-қолын бауырына алған 10 сәбидің анасын құттықтап, үлкен сый-құрмет көрсетті.

Серік Жақсылықұлы ел демографиясының өсуіне үлес қосып, бала тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілік танытқан аналарға азаматтық алғысын айтып, мерекелік гүл шоқтары мен жаңа туған нәрестеге қажетті заттарды табыстады.

Аталмыш орталықтың неонатология бойынша бас дәрігерінің орынбасары Талғат Толықбаевтың айтуынша, орталықта күн сайын 20-30 сәби дүние есігін ашады. Мұнда акушерлік, гинекология, неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы салаларында жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Ал бүгін, сағат 11:00-ге дейін төрт сәби – екі ұл мен екі қыз дүниеге келді. Олардың өмірге алғашқы қадамдары Шаңырақ күнінің жарқын дәстүрімен үндесіп, отбасы құндылықтарының мызғымас негізін тағы бір мәрте айшықтай түсті.