Әлеумет

Көктем көркі – Көрісу

14 Наурыз – Көрісу күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, Әулиеата топырағы да үлкен әсерге бөленді. Сондай тағылымы мол басты іс-шара «Әулиеата» әуежайында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Әуежай фоесіне темір қанатты киіз үй тігіліп, безендірілген. Киіз үйдің түрлі оюлары алыстан көз тартады. Ал, қазақтың киіз үйіне қанаттас үстелдерде қолөнер бұйымдары қойылған. Оның ішінде, ұлттық нақышта тігілген қолғап, шарф, шәркей, моншақ, сөмкелер назар аудартады. Бұл жұмыстарға «Өшпес мұра», «Алянс – қолөнер» қоғамдық ұйымдары ерекше атсалысыпты. Халыққа қазақы қолөнер ұсынған шеберлер Сәрсенкүл Мырзабекова, Саудат Шәріпова айтулы күнге құрметтерінің жоғары екенін жеткізді. Меркі ауданы Мыңқазан ауылынан арнайы келген қолөнер шебері Қуантай Жүнісов те іс-шараның ажарын ашты. Қуантайдың алтын қолынан шыққан ұлттық нақыштағы ер тоқым, ат әбзелдері мен қамшыларға көпшілік қызығушылық танытты.

Аталған басқарма қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері дәл сол сәтте Астанадан Таразға ұшып жеткен жолаушыларды әуелеген әсем әнмен күтіп алып, көрісіп, бауырсақтан ауыз тиюге шақырды. Жолаушылардың ішінде де Көрісу күнінен хабары болып, қарсы алу сәтіне назар аударғандар аз болмады.

Көрісу күніне әзірленген арнайы іс-шараны аталған басқарманың мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы ашып, көпшілікті мерекемен құттықтады. «Қазақ халқының көшпенді болғаны, тіршілігі мал шаруашылығына қатысты болғанын білесіздер. Алты ай қысты шаруамен өткерген бабаларымыз Көрісу күніне ерекше мән берген. Бір- бірімен көрісіп, баршаға амандық тілеген. Наурыз мерекесі құтты болсын», – деді ол. Мұнан соң, Астана қаласынан дәл сол сәтте ұшып келген қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кәрібай Шушиков сөз сөйледі.

Бұдан кейін, «Ая-Шах» тобының әншілері әсем әннен шашу шашты. Бірін-бірі құттықтаған көпшілік ерекше сезімдерімен бөлісіп, қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты. Түрлі бұйымдар сатып алды. Іс-шарадан өзгеше әсер алған бір қауым ел үйлеріне қуанышпен тарқасты.

 

Есет ДОСАЛЫ