Жаңалықтар

Аудандардың мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жоспары талқыланды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласында құрылған екі ауданды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу жоспарлары жан-жақты талқыланды.

Аймақ басшысы бұған дейін екі ауданды аралап, мәселелерімен танысқанын айтып, оларды өзектілігіне сәйкес уақыт созбай кезең- кезеңімен шешу қажеттілігіне баса назар аударды.

Айта кетейік, Тараз қаласында «Әулиеата» және «Жібек жолы» атауларымен екі аудан құрылды. Оларға Жамбыл және Байзақ аудандарынан 46 145 халқы бар 14 елді мекен қосылды (34 білім беру, 10 денсаулық сақтау, 21 спорт, 7 мәдениет нысаны).

Бүгінде тараздықтардың саны 480 мың адамнан асты.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков үш жылға арналған Жол картасына сәйкес, білім саласында 1 мектепті күрделі, 4 мектеп пен 3 балабақшаны ағымдағы жөндеу, 2 мектепке автобус сатып алу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мәдениет саласында 2 клуб ғимаратын күрделі, 1 мәдениет үйін ағымдағы жөндеу, тұрғындардың сұранысы бойынша 4 спорт алаңшасын жөндеу, 1 футбол алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, су жүйелерін қалпына келтіру және тұрғындарға өзге де қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Кеңес барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев баяндама жасады.

Облыс әкімі қосылған елді мекендер бойынша құжаттарды тезірек рәсімдеу, қоғамдық көлік қатынасы, қайталанатын көше атаулары, әлеуметтік нысандардың жай-күйі, көрсетілетін қызметтердің сапасы, жұмысшылардың жалақыларын уақытылы беру секілді көптеген мәселелерге көңіл бөлді.

Ербол Қарашөкеев полиция департаментіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды қала теңгеріміне өткізу жұмыстарын жедел аяқтау жүктелді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.