Мейірімнің бұлағы – асыл ана

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының баспаға әзірлеуімен бірнеше кітап оқырманға жол тартты. Оның ішінде облыстық «Аr-Ai» жастар газетінің тілшісі Айжан Өзбекова құрастырған «Менің анам» кітабы да бар. Бұл кітап «Аr-Ai» жастар газетінің 20 жылдығына орай Алматыдағы «Darmen Media» баспасынан 500 данамен жарық көріп отыр. Кітаптың редакторы – журналист Дәрмен Смайыл.
Аталған кітап туралы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы халықаралық әйелдер күніне орай «Анаға тағзым» орталығында өткен мерекелік іс-шара кезінде жылы пікір білдірді. «Ақын да, ғалым да, қайраткер де анадан туған. 63 тұлғаның анасы қамтылған «Менің анам» кітабының маңызы ерекше. Мұнда жас ұрпаққа үлгі болар, жүректі елжіретер сағынышты естеліктер қамтылған. «Менің анам» серия кітабы келесі жылы да жалғасын табатын болады», – деп атап өтті аймақ басшысы. Аталған кітаптың таныстырылымы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында өтіп, орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық кітаптың баспаға әзірленуі барысынан, оқырманға берер тағылымы тұрғысынан ой қозғап, жинақты жоғары бағалады. Сондай-ақ, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Аr-Аi» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, ардагер ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова өз ойларын ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұл кітап Айжан Орынбасарқызының бірнеше жылдан бері жинақтап жүрген еңбегі. Кітаптың алғысөзін жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұханованың жазғандығы жинақтың бағасын одан әрі қарай биіктетіп тұр.
Бұл кітапта анасы жайлы естелік айтқан кісілердің ішінде қаражаяуы жоқ. Барлығы ел танитын, халық бағалайтын еңселі азаматтар. Естеліктер топтамасы профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Сейітхан Жошыбаевтың материалымен басталыпты. «Анамды жұрт Күлдан деп атайтын. Мен «апа» дейтінмін. Шын есімі – Күлдания. Апамның көп қасиеттерінің ішіндегі ел аузында жүретіні – қонақжайлылығы. Қашан келсең де шәугімі оттан түспей, қайнағаннан буы бұрқырап тұратын. Қашан көрсең де ағайын-туыстарымыз төрімізде жамбастап жататын, кіреберіс дәлізіміз аяқ киімге толы болатын» деп толғанады әйгілі дәрігер. Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың тебіренісі де ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. «Әкем майданнан оралмай, анам 23 жасында жесір қалды. Анам сол колхоздың жұмысын істеп жүрген. Салт басты болған соң, Ресейдің Новосибирскісіне бір жылға ағаш кесуге жіберді. Келгеннен кейін Кентау қаласына барып жұмыс істеді. Анам Кентауда, мен ауылда болдым. Кейін колхоздың жұмысы ауыр екенін айтып, сол жаққа барғыштап жүрдім де, Кентауда қалып кеттім. Қайдам, жұмыс та ауыр шығар, шындап келгенде анамды сағынғаннан кеттім. Бұл 8-сыныпты бітірген кезім. Анаммен Алматыда бір шаңырақ астында өте тату өмір сүрдік. Үйдің толық қожайыны – өзі. Ауылдан келген еттің бәрін өзі реттеп, қазанның дәмін келтіретін» деп елжірейді әйгілі актер. Ал, қоғам қайраткері, марқұм Жандар Кәрібайұлы естелігін:
Ана – өмірдің күні, жаныңа жарық берген,
Ана – көктемнің гүлі, көңіліңе көрік берген.
Тереңде тебіренген жан сырыңды,
Көзіңе қарап-ақ танып білген, – деген жыр шумақтарымен бастапты.
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың да толғанысы жүрек тербейді. «Анам мені еркелеткенде «Ой, тентек» дейтін. Тентек дегенде мен шын мәнінде бұзық болдым... Анамның көзі тірісінде дүниеден өткен әкемнің басына үлкен тастан қаланған ескерткіш қойдым. Ол кезде біз қазіргі Тараз қаласында тұратынбыз. Анам бірге барды. Мінезі қатты кісі. Ескерткіштің ашылуына жүздеген адам келді. Соны ашуға барғанымызда анамның көзінен жас шыққан жоқ. Үйге келгеннен кейін: «Балам, жұрттың көзінше жылап беделіңді кетірме. Қанша ашулансаң да, үйіңде ашулан» деп ақылын айтты» деп толғана еске алады.
Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының да естелігі мөлдіреп тұр. «Апам су әкел, малға шөп сал, көң ой, сексеуіл жар» деп келетін толып жатқан жұмыстарға күштеп салмайтын. Істегім келсе, оларды өзім-ақ жапырып тастаймын. Ал, істегім келмесе... етбетімнен жатып алып кітаптың қызығына батам немесе ойынға кірісем» деген сөйлемдерден-ақ анасының қандай қамқор жан болғанын ұғына қоясыз.
Сондай-ақ, бұл кітапқа Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың, халық қалаулылары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова, белгілі кәсіпкерлер Әлімбек Жұмабаевтың, Меруерт Лештаеваның, танымал айтыскер Мұхамеджан Тазабектің, мемлекеттік қызметтің майталмандары Серік Сәлемовтың, Қанатбек Мәдібектің, Әбілхайыр Тамабектің, Ерлан Жүнісбайдың, Ерлан Қыдыралыұлының, жазушы Оралхан Дәуіттің, танымал спортшылар Ұлан Қонысбаевтың, Олжас Сәттібаевтың естеліктері енген. Кітапқа енген барлық авторлардың естеліктері әсерлі, мазмұнды. Барлық материалда анаға деген сағыныш пен аңсау, құрмет бар. Бұл барлық адамның бойында болатын асыл қасиет. «Кітапты жинақтау арқылы анаға деген құрмет шексіз екенін, барлық ана ардақтауға лайық екенін түсіндім», дейді Айжан Орынбасарқызы.
Кітапты жинақтап, құрастырған әріптесіміз Айжан Өзбекованы құттықтап, алдағы жұмыстарына да шығармашылық табыс тілейміз.
Есет ДОСАЛЫ