Тектіліктің тегін жалғастырған

Келген Рамазан айы құтты болып, ұстаған ораза амалдарыңыз бен құлшылықтарыңыз қабыл болғай. Әулетіміздің ардақты да, сүйкімді қызы, қамқоршысы, жанашыры, немерелерінің сүйікті әжесі, отанасы болған бауырым, әпкем Шолпан Мамашбайқызының бүгін туған күні еді.
Әпкеміз ортамызда жүргенде 71 жасқа келер еді. Бұрынғылар «Өмір – керуен», «өмір – өзен» деген. Сол айтпақшы, адам баласы жарық дүниеде сол керуенге ерген жолаушы тәрізді екен. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген жыр сүлейі Сүйінбай жырлағандай, тектіліктің тегін жалғастырған, нәзіктік пен сұлулық, ақылы мен парасаты жиналған жарқын жүзі, ақ жүрегі мен бойындағы адами қасиеттері көз алдымнан кетер емес.
Дүние – думан, дүние – көш, дүние – жалған деген сол күндердің күні жеткенде, қамшының сабындай қысқа ғұмырыңда өзіңе жақын бауыр болған жанның дәмі таусылған күні қас-қағымда өмірден кетеді. Кеше ғана маңдайы жарқырап, ортамызда болған жанның өзі түгіл елесін де таба алмай еске алып, қимас сәттермен бөлісуге тура келеді екен.
Даңқты қолбасшы Бауыржан ағамыз айтқандай, «Ұстаздық – ұлы қызмет» деп қырық жылдық өмірін ұстаз болуға арнап, ешбір қиындыққа саспаған, білімділігі мен біліктілігі жоғары болған ардақты да, ұлағатты ұстаз бола білді. Алатаудың баурайында орналасқан Алматы қаласындағы Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломға ойдағыдай аяқтап, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледжіне оралып, ұстаздық жолында адал еңбек етті. Қарапайым мұғалімнен бастап кафедра меңгерушісіне дейін қызметтерді абыроймен атқара білді. Өмір жолын бала тәрбиесіне, болашақ ұрпақтың – ұлы мүддесін дайындауға жұмсады. Жаратушымыздың сыйлаған азғантай ғана қас қағымдай ғұмырында Шолпан әпкеміз соңында өшпестей із қалдырды. Еселі еңбегі бағаланып «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Жамбыл облысына еңбек сіңіргені үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Педагогика саласына арнап 30-дан аса ғылыми еңбек жазды. Көптеген ғылыми конференцияларда баяндама жасап, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдары шықты.
Болат ағамызбен 40 жылдан асқан уақыт бір шаңырақтың астында бірі топ жарып сөз бастаған шешен болса, екіншісі сабырлы, салиқалы, парасатты отау иелері атанды. Құдай қосқан қосағымен екеуі ұлын өсіріп, қызығына тоймай ғұмыр кешкендері кеше ғана еді.
Сағындым әпкетайым өзіңді... Бауырым жатқан жерің жарық, топырағың мамық, жаның жәннатта болып, нұрың пейіште шалқысын!
Әрқашан өзіңді біз сағынамыз,
Алланың жазғанына бағынамыз.
Өзіңдей әзиз жанның әруағына,
Бас иіп өмір бойы табынамыз!
Сағынышпен еске алушы: Олжабаевтар әулеті.