Аймақ

Мал шаруашылығының маманы

The final spritzer

«Мал баққанға бітеді», деуші еді бұрынғылар. Мал шаруашылығы бабын тауып, бейнетіне бейімделе білсең табыссыз қалдырмайтын кәсіп екені анық. Әрине, шопан ата тұқымын баптаудың да ауырлығы бар. Бірақ «Малика» шаруа қожалығының төрағасы Халид Надаров қолға таяқ ұстап, түлік бағу соншалықты қиын жұмыс еместігін айтады.

Жалпы, Халид Асанұлы тау етегіндегі Қараой ауылында туып-өскендіктен тілі қазақша төселіп, тірлігі ауыл тұрғындарымен астасып кеткен. Қазақтың салт-дәстүріне жетік азаматтың шаруашылығы Бүгіл өзенінің бойына қоныс тепкен.

Осылайша әке жолы Халидке жұғысты болды. Жердің жайын, малдың бабын біліп өскен шаруа 2015 жылы «Малика» шаруа қожалығын құрады. Алғашқыда қолдағы аз ғана малы төлінен өсіп, аз уақыттың ішінде қора толы қойға айналады. Халид Асанұлының табандылығы үлгі етуге тұрарлық. Қазір жайылымға 600-дей бас уақ малды өргізіп жүр. Одан бөлек, 10 сиыр, 10 жылқы және бар.

Расымен бұл шаруа қожалық малшылары тұрақтап жатқан қоныс та қаладағы үйден ешбір кем емес. Мұны мұнтаздай тазалығымен көз тартатын қоныс ішіне енгенде сезінесіз. Отанасы да қол қусырып отырған жоқ. Шаруаға қолғабысын тигізіп келеді. Қолдағы сиырды сауып, үйге шырай беріп отырған да жасы алпысты алқымдаған Малика Темірова.

Ол мұндай шаруаларға төселіп кеткендігін айтады.

Шаруа қожалығы малшы алып, арнайы үй де бөліп берген. Қоғамдық орталарда да жиі айтылып жүргендей, қазір жұмысын адал атқаратын тұрақты малшы табу өте қиын. Әрі кездескен жағдайдың өзінде қоятын талап-шарттары көп. Бірақ Халид Асанұлы малшыға жайлы қарасаң жұмыстың да жемісті болатындығын жақсы түсінеді. Қазір оның қарамағындағы шопанда еңбектен тапқан өз малы бар. Еңбекақысы да тұрақты, одан бөлек ай сайын азық түлік бөлініп тұрады.

Бұған дейін мал шаруашылығымен айналысқан қожалықтардың басты мәселесі қырқылған жүнді өткізу болатын. Бұл түйткіл соңғы уақытта шешімін тауыпты. Берілетін тиыны мардымсыз болса да, шаруалар қой жүнінің рәсуә болмай өткеніне риза. Бірақ шаруа қожалық төрағасын алаңдататын мәселе де жоқ емес. Ол байланыстың болмауы. Телефон байланысының жоқтығы көп әурешілік тудыратын көрінеді. Қазір барлығы алақандай телефонға байланған уақытта хабар алысып, жағдай білісіп тұрудың маңыздылығы үлкен екенін айтады.

Қанша дегенмен машақаты көп болғанымен табысы білінетін шаруаға бас бұратын жастар аз. Халидті алаңдататын да осы жайт.

Түлік соңында жүрген шаруаның тірлігі біткен емес. Алда мал төлдету науқаны, одан соң қырықтық. Кезегін күткен науқан. Шаруаның басты уайымы қолдағы түлікті қыстан аман шығару. Әсіресе қысы қатал, бораны жиі тау аймағындағы шаруаларға қиын. Бірақ қыстың жайлылығы желдің өтіндегі шопандардың кәсібіне оң әсерін тигізіп тұр. Алдын қамданған шаруа жем- шөп қорын да жинап алған.

Төскейге түлік өргізген шаруаның кәсіптен қиналып отырғанын көргеніміз жоқ. Көңілі тоқ, ісіне риза. Шын ниетпен жасаған іске шырай бітеді ғой. Біз шаруаның тұрақты тірлігін, кеңейіп келе жатқан кәсібін Халидтің адал пейіліне байланысты деп түсіндік.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы