Экономика

Жоба аясында жаңа цех ашқан

The final spritzer

Бүгінде елімізде кәсіп бастаушыларға кең көлемде қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары өңір тұрғындары арасында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы табыс тапқандар қатары артуда. Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Ауыл-аймақтағы халықтың қолайына жаққан жоба биыл да өз жалғасын тауып отыр.

Жоба аясында тұрғындар өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін уақытты құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету міндетті саналады. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Өйткені, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашқандардың бірі – Мария Қапалбаева.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкер Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында жаңа цех ашқан. Шағын цехта тұшпара, шұжық, жайма және манты секілді жартылай дайын тағамдар шығарылады. Кәсіпкер қолға алған жұмысын жүргізу үшін екі адамды жұмыспен қамтып, күніне 20-25 келі өнім дайындауды жолға қойған. Сұраныстың күнделікті артуына сәйкес, өнім көлемі еселене түскендігін атап өткен кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың аясында жұмыс күшін көбейтіп, өнімді сақтау үшін тоңазытқыш пен арнайы техникалар алған.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 25 азамат жеңілдетілген несие алса, биылғы жоспар бойынша 15 адамға қаражат бөлінген. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдың сөзінше, биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыру қолға алынған.

Қазір кәсіпкердің өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіпкер өнімінің көлемін ұлғайтып, үй ішінен ашылған цехты кеңейтуге ниетті екендігін жеткізді.

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының аясында өңірде 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Алдағы уақытта жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Осы бағытта биылғы жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз ету көзделген.

 

Нұрболат АМАНБЕК