Бөліп төлеудің бейнеті көп

Бүгінде бүкілхалықтық сатып алу науқаны еліміздегі маңызды оқиғаға айналды. Бұл кезде өмірімізді жақсартатын заттарды тиімді сатып аламыз және қазақстандық кәсіпкерлер сату көлемін арттырады. Осының арқасында елімізде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Ендеше елдің айтып жүрген бүкілхалықтық тиімді саудасы шыныменен тиімді ме? Әлде бұл бір маркетингтік тактика ма? Былай қарасаңыз сатып алушы да риза. Сатушы да дән риза.
100 мыңнан астам дүкен осы тиімді сауда басталғанда әжептәуір жетістікке жетіп, сауда көлемін арттырды. Жақында ғана елімізде 14 және 16 ақпан аралығында дәстүрлі оныншы «Kaspi Жұма» бүкілхалықтық тиімді сауда-саттық науқаны өтті. Күзде әдетте қазақстандықтар қыстық киім-кешек, көліктің доңғалағын, жылыту пештерін, қысқы спорт тауарларын, үйге қажетті тұрмыстық техниканы сатып алады екен. Ал осы науқанда көпшілік көктемгі киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техникаларға көп шығындалыпты. Үш күнге жалғасқан жеңілдік мерекесінде әркім қалағанын алып, сауданың көркін қыздырып, екі-үш жылдап банктерге қарызға кірді. Kaspi Жұмаға: Adidas, Euromebel, Glasman, Kimex, Lucente, Marwin, Mon Amie, Sulpak, Zeta, «12 месяцев», Қазақювелир, Комфорт, «Мечта» сияқты белгілі брендтер және басқа да еліміздегі барша дүкен қатысты.
Айтса айтқандай-ақ, жаз айында өткен сегізінші Kaspi Жұма рекорд жасаған болатын. Сол жолы 1 миллионнан астам қазақстандық 2 миллионға жуық түрлі тауар сатып алды. Сөйтіп қазақстандық компаниялардың сатылым көлемі – рекордтық 302 миллиард теңге болған еді. Бұл жолғы қорытынды әлі шықпады.
Иә, сатушыларға тиімді екені екі есе түсінікті. Олардың саудасы әдеттегіден үш есе жүрді. Бір жылға жетер қорын жасап алды десек те болады. Енді сатып алушылар не ойлайды екен?
Адамдардың пікірі сан алуан. Біреу жеңілдікке қуанып тұрса, екінші біреу халықты есепсіз қарызға кірмеуге шақырады.
Аталған үш күнде курер қызметіндегілердің де жұмысы тәуір жүреді. Нақты айтсақ, жеткізу қызметтерінің де жұмысы көбейеді. Тапсырысты сатып алушының үйіне немесе жақын маңдағы Kaspi Postamatқа жеткізеді. «Kaspi Postamat»-тар бүкіл ел аумағына орнатылған және курьерді күтпестен, сатып алған затты ыңғайлы уақытта алып кетуге болады.
Десек те, қаржы мамандарының пайымдауынша, шынтуайтында, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен, олар ең алдымен заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді.
Жалпы жеңілдік деген не? Акцияның қандай түрлері бар? Барлық дүкендердегі жаңа жыл, наурыз мерекесі қарсаңындағы айтулы жеңілдіктер шынымен адамға жеңілдік сыйлай ма? Бағамдап көрейік. Экономикалық тілде жеңілдік – сатып алу және сату келісімінің жағдайлары, оларда тауардың келісімде көрсетілген бастапқы немесе базистік бағасын кеміту мөлшері белгіленеді деп көрсетілген. Сауда айналымында бұл жеңілдік жәй, күрделі және сериялы жеңілдіктерге бөлінеді. Жәй жеңілдік кезінде сатып алушы төлейтін іс жүзіндегі баға бастапқы бағаның тұтастай белгілі бір пайызға немесе белгілі бір сомаға бір жолғы кемітілуі арқылы белгіленеді. Күрделі жеңілдік бағаның бірнеше рет кемітілуі арқылы жүзеге асырылады. Бізде халықтың құлағын елең еткізетін жеңілдіктің ең дамыған бір түрі – бір зат алсаң, екінші затты тегін сыйға ұсыну. Мұны маркетологтер «1+1» акциясы деп атайды. Ал мамандар тегін затты «тарту» ететіндер туралы оң көзқараста емес. Мұндай «жомарттықты» экономистер жақтырмайды. Сондай жанның бірі – Айсана Тымбаева. Ол – қаржы маманы.
Нарықта бәсеке дамып келе жатқалы маркетингтік тактиканың түр-түрі шықты. Жоғарыдағыдай «1+1» секілді жұмсақ жарнама көрсеңіз «Consumer Promotion» деп біліңіз. Яғни, тұтынушылық маркетингтің бір түрі. Бұл дегеніміз жарнаманың ішіндегі жеке бір бағыт. «Консьюмер промоушн» арқылы клиенттің әлдебір тауар не қызметті ешқандай қысымсыз, көңіл қалауымен алады. Яғни, тұтынушыға түрлі тиімді ұсыныс айтып, соның есебінен әлгіндей эффект туындайды. Онда заманауи әрі тиімді тәсілдің негізінде адам психологиясы жатыр. Осы жерде мынадай салыстырма жасап көрейік. Сізге шаңсорғыш сататын компания күніне бірнеше рет қоңырау шалып, өнімін сатып алуға шақырады. Әр кезде әр түрлі нөмірмен хабарласатын компанияның мазаңызды алатынына ашуланасыз. Өнімін мақтап уақытыңызды алатынын, «енді хабарласпаңыз, алмаймын» десеңіз де тыңдамай қайта хабарласатыны тіпті ұнамайды. Жақсы өнім болса да, әлгіндей жарнамадан соң ол компания туралы ойыңыз жақсы болмауы мүмкін. Ал енді мынадай болса қалай: дүкен аралап жүрсіз. «2 зат алсаң, үшіншісі тегін» деген жазу көріп қалдыңыз. Ешкім сізді «мынаны қалайда ал» деп қинап жатқан жоқ. Бірақ ұсыныстары тиімді секілді көрінді. Онсыз да бір зат алдыңыз, үйге не өзіңізге керек бір затты қоса алайын деуіңіз мүмкін. Бұл жағдайда қысым жоқ. Егер қажет болмаса, онда ұсынысты қабыл алмай, керек затты аласыз да, шығып кете бересіз. Яғни, клиентте таңдау құқығы бар. Бүкілхалықтық тиімді сауда да тура сондай. Ешкімді ал деп қинамайды. Өз қалауыңызбен керегіңізді аласыз. Таңдау еркі бар. Алсаңыз да, алмасаңыз да өзіңіз білесіз.
Елімізде әлі де әр жұма сайын үлкен дүкендерде «Жомарт жұма», «Жасыл жұма», «Қара жұма» деген атпен жеңілдіктер өтіп тұрады. Кейде түнгі жеңілдіктер де қарастырылған. Не десе де қазақ үшін қасиетті жұманың өзіндік орны бар. Маркетологтар осы тұста ұтты десек те болады. Бұл күні шелпегін пісіріп, ата-баба аруағына Құран бағыштап, жұма намазын оқитын игі мұсылман үшін «Жұма қабыл болсын» деуші ек. Енді жұмадағы жеңілдік құтты болсын дейтін болдық...
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.