Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоғары

Көктем мезгілі шаруалар мен диқандар үшін қауырт тіршілік кезеңі. Қыруар техника мен адам күші жұмылдырылатын көктемгі науқан арнайы дайындықты қажет етеді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңеске басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысып, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі сараланды.
Жиында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдірәсіл Желеубаев сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, көктемгі науқанның барысы туралы айтты. Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 38 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Биыл бұл бағыттағы қаражаттың жалпы көлемі 39,6 миллиард теңгеге жетіп, 16 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету көзделген. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіру жоспарлануда.
Көктемгі науқанда шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте дала жұмыстарына 8 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылмақ. Сонымен бірге, Үкімет тарапынан өңіріміз үшін 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату үшін сегіз өңірлік таратушы операторлар айқындалған. Бүгінде мұнай өңдеуші зауыт пен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасалып, тиісті көлемге қаражат аудару жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланып, жеңілдетілген төлемдер қарастырылған.
Аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жеңілдіктерді түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, арзандатылған жанар-жағармайды кедергісіз жеткізу қажеттігін баса айтты.
Жиын соңында облыс әкімі биыл қант қызылшасының егіс алқабы қысқарғанын айта келіп, тәтті түбір дақылдарын егетін аудан әкімдеріне өнімді орналастыру жоспарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруаларға жанар-жағармайдың уақтылы жеткізу және тұқым қорымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
Бұдан бөлек, аппараттық кеңесте облыс елді мекендері бас жоспар жобаларының мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесіне енгізілуі бойынша атқарылған жұмыстары кеңінен сөз болды.
Нұрболат АМАНБЕК