Түгіскен мен Тараз арасы...

«Әйел – қырық шырақты» дегендей, нәзікжандылардың қоғамда араласпайтын саласы жоқ. Олар, тіпті, сол жұмыстарынан оң нәтиже шығара да біледі. Кейде ер азаматтардан қалыспай, ерекше кәсіпке баруға тәуекел ететін қыз-келіншектер де аз емес. Солардың бірі – темір тұлпарды тізгіндеп, такси жүргізушісі болып жүрген Дариға Сыпатаева.
Ол Сарысу ауданы, Түгіскен ауылында туып- өскен. Такси жүргізушісі боламын деген ой әуелі Дариғаның ойына келмеген. Көңілін басқа түрлі арман, мақсаттар әлдилегені анық. Түгіскен орта мектебін және Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжін орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беруші мұғалім мамандығы бойынша бітіріп шығады. Дипломын алған соң ауылына оралып, Түгіскен орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істегенде ата-ананың да, шәкірттердің де құрметіне бөлене бастаған кез. Қызыққа толы екі жыл. Кейіннен Жаңатас қаласына тұрмысқа шығып, ұстаздық қызметін аталған шаһарда жалғастыруы өз мамандығына деген адалдығы болса керек. Мұнан соң отбасылық жағдайымен, туған ауылы Түгіскенге қайтадан көшіп барып, мектепте жұмыс істеп жүреді. Сол білім ошағында жүріп, жеңіл көлік сатып алып, жүргізіп үйрене бастағанда да ауыл тұрғындары таңғалыпты. Қандай іске де бар ынтасымен бейім тұратын зейінді келіншекке автокөлік жүргізу аса қиынға соқпаған сияқты. Арада бірер жыл өткенде мектептегі істеп жүрген жұмысынан қысқарып қалады. Сол кезде Дариға Айтмаханбетқызы еш дағдарып қалмай, такси жүргізушісі болуға тәуекел еткен көрінеді. Көлікті ауыл арасында жүргізу бір бөлек те, күн сайын 160 шақырым әрі, 160 шақырым бері қатынап, жолаушыларды тасымалдау мүлдем басқа іс. Теңгесін төлеп мінетін жолаушылардың талабына шыдау үшін де темірдей төзім керек. Мұнан бөлек, ұзақ жолда түрлі жағдайлар болуы мүмкін.
Бұл күнде Дариғаның таң қараңғысынан оянып, Түгіскен ауылының әр көшесінен жолаушылар жинайтынына тұрғындардың көзі үйренген. Шаруасына ерте тұрған ауылдың үлкендері де көңілді.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы