Қоғам

Арулардың аялы алақаны жүрекке шуақ сыйлайды

The final spritzer

Қыз бала жаратылысынан сезімтал болатындығынан әрнәрсені жүрегімен қабылдап, айналасындағы ешбір жағдайға бейжай қарай алмайды. Сонысымен де арулар, аналар – аяулы жандар. Осы болмысты түрлі қайырымдылық істерімен көрсетіп жүрген қыз- келіншектер де бар арамызда. Білгенімен бөлісіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жәрдемдесуге өзінің шамасы жетпесе, басқалармен бірлесіп қайырымдылық істерді ұйымдастырып жүрген мейірімді нәзікжандылар өз облысымызда да, шүкір, баршылық.

Бүгінде жамбылдық іскер әйелдерді бір арнаға тоғыстырып, бірлесіп ел игілігіне арналған істерді атқарып жүрген Меруерт Лештаева жеке өзі де талай жанға шарапаты тиіп, баспанасыздарға баспана сыйлаған қайырымдылықтары айтылып та жүр. Ол осындай ізгі істерімен өзгелерге өнеге көрсетіп, қайырымдылық тек мұқтажға ғана емес, көмектесушіге де қуаныш сыйлайтынын дәледеп келеді.

Былтырғы көктемде Орал мен Ақтөбе өңірлерінде болған су тасқынына бейжай қарамай, ондағы ағайынға көмек беру мақсатында акция ұйымдастырған Әсел Жапарованың жанашырлық ісі де баршаға белгілі. Ол Тараз қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер. Өлең жолдарында айтылғандай, қыз деген – ана, бәлкім сондықтан да болар, қыз- келіншектер өзгенікі демей, барлық балаға өзінікіндей мейірленеді. Әсел Әбілханқызының да кәсіпкерлігі бақытты балалыққа құрылған. Оның өз өңіріміздегі «Айшатай» бөбекжай- бақшасы бүлдіршіндердің игілігіне қызмет көрсетсе, Астана қаласындағы «ALASH» бала дамыту орталығы өспірім жеткіншектердің жан-жақты дамып, өсуіне жұмыс істеуде. Сонымен қатар, «SERT-INFORM» ақпараттық агенттігінің директоры.

Осындай сауапты іске жаны жақын жамбылдық арудың бірі – Жанар Бүркітбаева. Ол облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер ретінде қарапайым жұрттың ортасында жүріп, талайдың мұңын тыңдап, жылағанның жасын сүртіп жүрген мейірімді жан.

Жеке кәсіпкер ретінде 2004 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан Жанар Қасымбайқызының бұл салада жиырма жылдан аса тәжірибесі бар. Кәсібінің басты бағыты – мейрамхана бизнесі. Бұл салада 90 пайыз әйелдер еңбек етеді.

Жан жылуы бар жерге жақсылық та үйір. Қыз баласын, аналарды сұлу етіп тұратын да – қос жанарынан төгілген мейірім мен жүзіндегі ұяңдық. Отбасының алтын діңгегі болған нәзікжандыларды осы болмысынан айырмасын!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА