Іс басында – іскер әйелдер

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде де жалғасын тауып, түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Соның бір дәлелі ретінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасын атап өтуге болады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын бағдарлама ауыл бизнесін қолдауға, бірегей жергілікті тауарлар жасауға және ауыл тұрғындарын нарықта сертификатталған және сұранысқа ие өнім өндіріп, кәсіпке тартуға бағытталған. Аталған жоба ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Жапонияда басталу алған. Сол кезеңде күншығыс елінің елді мекен тұрғындары немесе белді бір кәсіпкері бәсекеге қабілетті бір өнім жасап, соны ішкі нарыққа шығаратын. Сол арқылы табысқа кенеліп әрі бизнес саласының қыр-сырына қанығатын. Осылайша, жапондықтар кәсіпкерлікке дағдыланып, халқының әлеуетінің күшеюіне жағдай жасайды. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Ал елімізде аталған жоба 2021 жылдан бастап енгізіліп, 2022 жылдан бері бастамаға Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді. Соған сәйкес, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында өңірлерде іс-шаралер ұйымдастырып, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген. «Бір ауыл – бір өнім» бастамасына облыс әкімдігі мен іскер әйелдер кеңесі де тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша 21 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылса, оның ішінде 4 кәсіпкер «Бір ауыл-бір өнім» көрмесінің финалистері болған.
Олардың қатарында кәсібін ашып, табыс тауып отырған нәзікжандылар да бар. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің бірі – сарысулық Жанбота Нұғыманова бүгінде тау шөбінен шәй дайындап, көкөністерден емдік қасиеті бар ас-сусын әзірлеп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазір шөптер мен көкөністердің құрамын зерттеп, соған қарай пайдалы ас-су дайындауды кәсіп еткен Жанбота білгенін ары қарай дамыту үшін бүгінде Қазақ тағамтану академиясымен байланыс орнатқан.
Жобаның тағы бір финалисті Жадыра Егеубаева болса елімізде көп кездесе бермейтін сусабын өндірісін қолға алған.
Айта кетсек, облыс әкімі мен бизнес-қауымдастығының кеңейтілген кездесуі шеңберінде өткен жылдың қыркүйек айында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары үшін жыл сайынғы көрме ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық қатысушы қатысқан болатын. Көрмеден кейін 3 жоба финалистері анықталып, жоба қатысушыларын өндірістік процесті жетілдіру, өнімді сертификаттау, маркетингтік қолдау көрсету бойынша оқыту және сүйемелдеу мақсатында Тараз өңірлік университеті мен Шерхан Муртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Бүгінгі таңда осы меморандумдар шеңберінде облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірге оқыту бағдарламалары мен жоспарлары дайындалып, биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленуде.
Нұрболат АМАНБЕК