Ел ішіндегі еңбек озаты

Бүгінгі қоғамда назардан тысқары өндіріс пен фабрикаларда, шахталар мен кен орындарында қызмет етіп, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүрген сан түрлі мамандық иелері бар. Олар қажырлы адал еңбегі мен табандылығының нәтижесінде қашанда құрметке лайық екендігін танытып келеді. Солардың бірі – нәзікжанды болмыс иесі екендігіне қарамастан биіктікті еңсеріп жүрген краншы Оксана Глазеддинова.
Оксана Глазеддинова Мойынқұм ауданы, «Шығанақ» станциясында орналасқан барит рудасын өндірумен айналысатын өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Эврика-Барит» ЖШС-де мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Оның міндеті кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық жүктерді көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Осы салада жиырма жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Оксана аталған өндіріс орынының оқытуымен осы мамандықты игерген.
Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді: 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында болады. Десек те, демалыс уақытында да ол қол қусырып отырмайды. Дәлірек айтқанда, клинингтік қызмет көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына төрт жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында тұрақты тұтынушыларын да тапқан.
Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана цехтағы жалғыз әйел. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады.
Нұрболат АМАНБЕК