Жаңалықтар

Мейірім мерекесі

The final spritzer

Түгел тіршілік пен жаратылыс атауының бастауына баланған әйелдер қауымына құрмет қашанда толастамақ емес. Осы мақсатта жылдағы дәстүр бойынша Халықаралық әйелдер күніне орай «Анаға тағзым» орталығында түрлі саладағы нәзікжандылардың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әйелдер қауымын мейрамымен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлі ерекше екеніне, облыстың дамуына қосып жүрген елеулі үлесіне айрықша тоқталып, құрмет көрсетті.

Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында елімізде еңбек адамдарына кең қолдау көрсетіліп келеді. Жиында қызылша шаруашылығының маманы, көпбалалы ана Хадиша Қадыралиева жиналғандарды мерекесімен құттықтап, нәзікжанды жұмысшы мамандық иелеріне көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді.

Киелі Әулиеата жері қашан да асыл аналардың, атақты еңбек майталманы атанған аяулы арулардың мекені болған өңір. Көмейінен жыр төгілген ақын Ұлбике, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан соғыс ардагері Зоя Мамедова, аймақтың алға жылжуы үшін аянбай тер төккен еңбек ардагерлері – Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Бәтес Егембердиева, Күләш Әбдікешова, Хадиша Оспановалар облыстың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. Сонымен бірге, өңір руханиятына өзіндік үлес қосқан Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы, Нұрсифат Салықова және Мәкен Рахымжановалар – біздің мақтанышымыз. Бұл қатарда қазақ спортының жарқын жұлдыздарын дүниеге әкелген Тоқтагүл Сметова секілді асыл аналар да бар. Мерекелік жиында Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің анасы Тоқтагүл Сметова да өз құттықтауын арнады.

Сонымен бірге, басқосуда облыстағы білім саласының ардагері Шарбан Желдібаева да сөз сөйлеп, әйел затының ұлт тәрбиесіндегі рөлінің маңыздылығына тоқталды. Жалпы, өңірдің білім саласындағы қызметкерлердің 75 пайызын, денсаулық сақтау саласында 85 пайызын және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды. Ал, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 42 пайызын әйелдер басқарады.

Жиын соңында биыл облыста «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алғанын атап өткен аймақ басшысы мереке қарсаңында жарыққа шыққан жаңа кітаптарды таныстырып өтті. Атап айтқанда, басқосуда ақын Күләш Ахметованың «Қасиетті мекен» жыр жинағы мен өңірімізге белгілі алпыс үш тұлғаның аналары туралы естеліктері мен сұхбаттары жинақталған «Менің анам» кітабы, шығыстық шайырлар тізбегін жалғап, тараздық арулар мен аналарды жырға қосқан «Мөп-мөлдір көздің қарасын...» кітаптары таныстырылып, қалың көпшілікке жол тартты.

 

Нұрболат АМАНБЕК