Әдебиет

Шәкәрім шығармаларының тағылымы мол

The final spritzer

Философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының тәлімі терең шығармаларының бала тәрбиесіне берері мол. Өзі өмірінен көріп, көңілге түйгенін көркем сөзбен кестелеп өсиеттеген ақынның қай туындысын алсаңыз да астарында үлкен мән жатыр. Өспірім жеткіншектерді Шәкәрім шығармаларының тәлімімен тәрбиелеуді көздеп, Ұлттық академиялық кітапхана үш жылдан бері оқушылар арасында «Шәкәрім оқулары» байқауын ұйымдастырып келеді. Алдымен аудандарда өткен байқаудан топ жарғандар облыста бақ сынасып, ең үздігі республикалық мәнерлеп оқу сайысына жіберіледі.

Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ІІІ Республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауына қатысатын үміткерлерді анықтау мақсатында облыстық байқау өткізді. Онда атадан балаға мирас болған байлығымыз, қазынамыз – туған тілге, көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға деген жас ұрпақтың құштарлығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін ұштап, жетілдіру мақсат етілді. Байқауға ережеге сай 15 жас оқырман қатысты. Байқауда жас оқырмандардың өлеңді жатқа мәнерлеп оқуы ғана емес, Шәкәрім туралы не білетіндері, оның шығармаларынан нені ұғынғаны да назарға алынып, түрлі сұрақтар қойылды.

Ел ішінде Халық педагогі атанып кеткен Абайдың тәрбиесін алған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының өз заманы мен тарихын нақтылап берген, адамның ішкі сезім-сырларын, көңіл-күйін, нанымы мен танымын шынайы жеткізген ақынға арналған байқауға оқушылардың дайындығы да жоғары болғаны байқалды. Өлеңді нақышымен мәнерлеп, жатқа оқу, мағынасын ұғыну, ақынның өмірі туралы деректерді білу және сахналық мәдениетті сақтау жағынан сынға түскен жас оқырмандар бірінен бірі қалыспай, білімі мен өнерін көрсетті. Байқау қорытындысында ІІІ Республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауына қатысуға жолдаманы Мойынқұм ауданының қатысушысы Иманғали Амандық жеңіп алды. Ал, I орынды Қордай ауданынан келген Дінмұхаммед Әйтелбай, II орынды таластық Таңшолпан Уызбай олжаласа, III орынды Тараз қаласынан Аяна Бауыржан мен Байзақ ауданының оқушысы Жібек Алламберген иеленді.

Қалған қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушыларды дайындағаны үшін жетекшілерге де Алғыс хат берілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА