Құқық

Адам құқығы – ең қымбат қазына

The final spritzer

Соңғы жылдары елімізде адам құқығын қорғау саласында ілкімді жұмыстар қолға алынды. Айталық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдаудан бастап адам саудасының алдын алуға дейінгі өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Алайда, заң тұрғысынан реттеуді қажет ететін түйткілдер әлі де бар. Бұл мәселемен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия тұрақты түрде айналысады. Жуырда бұрынғы әділет министрі Игорь Роговтың төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында адам саудасына қарсы тетіктерді жетілдіру, зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің өзекті мәселелері, еңбек мигранттарының балаларын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарын құжаттандыру секілді күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыға салынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін – 48, оның ішінде мемлекеттік секторда – 20, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұндай мекемелер әрбір облыс орталығында бар.

«Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова 2019-2024 жылдары 1500-ден аса құжатсыз адамға көмек көрсетілгенін айтты. Оның ішінде «Сана-сезім» заңгерлері құжаты жоқ 228 кәмелетке толмаған баланы анықтаған. Оларға өмірде өздерінің бар екенін ресми растауға мүмкіндік беріліп қана қоймай, білім алуға, медициналық қызметтерге және басқа да әлеуметтік мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашылды. Арасында адам саудасының, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да бар.

Сондай-ақ, комиссия отырысында өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, омбудсмендер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім ұйымдарының өкілдері қатысып, адам құқын қорғауға қатысты ойларын ортаға салды.

 

Есен ӨТЕУЛІ