Жайлы мектеп ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жояды

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында жүзеге асырылған Жайлы мектептің жайлылығын Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептен де байқадық. Олай деуімізідің себебі – мұнда ауыл балаларының сапалы білім алуына, мұғалімдердің жұмыс жағдайын жақсартуға барлық заманауи мүмкіндіктер жасалған. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар қамтамасыз етілген.
ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына барлық қажеттілік қамтылған Жайлы мектеп білім алушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
Елімізде білім беру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобамен салынған Сарыкемер ауылындағы Жайлы мектепте оқушылардың өнегелі тәрбие алуына да жаңаша форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.
Адал еңбек пен еңбекқорлық мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында мектепте «Еңбегі адал жас өрен» жобасы жүзеге асырылады. Жоба еңбек адамының мәртебесін көтеруге, еңбек культін дәріптеуге бағытталған. Оқушыларға өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман нағыз еңбек адамы екендігін көрсетуде.
Сөз қадірі кеміген заманда оқушыларымызды ғасырлардан келе жатқан сөз өнеріміз – айтыстың құндылығын білуге, құрметтеуге шақыру да төл өнерімізге деген үлкен сүйіспеншіліктің белгісі екені белгілі. Оқушылар айтыс өнері жайлы білгенін ортаға салып, білмейтін ақпараттарын мұғалімнен естіп, танымдарын кеңейтуде. «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында мектеп студиясы «Сырлы сұхбат» айдарын жүргізіп отыр. Аталған айдарға Аружан Әбілқасымова жетекшілік етіп, сөз өнеріне жақын, қаламды серік еткен оқушылармен бірге жұмыс атқарады. Мұндағы жас журналистер тіл тазалығы, сөз саптауы, ой тапқырлығымен қатар, сахна мәдениетін үйреніп жүр. Студияда осы мектептің олимпиада жеңімпаздары және республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздарымен сұхбат жүргізіліп тұрады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұшқыр ой алаңы» жобасы негізінде Нүркен Қалқабаев жетекшілік ететін дебат оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, тапқырлық пен шешендігін дамытуға ықпал етуде.
ОҚУШЫЛАРҒА ЕҢБЕКТІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛДЕРІ ҮЙРЕТІЛЕДІ
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен оқушылар мектептегі зертханалық жұмыстарды да жоғары деңгейде өткізіп жүр. Себебі, Жайлы мектептегі зертханалық кабинеттер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр сабақта тәжірибелік жұмыстар мен ғылыми жобалар ұйымдастырылады. Биология зертханасында қазіргі таңда гидропоника әдісімен тәжірибелік жұмыстар жасалуда. Оқушылармен гидропониканы алудағы негізгі мақсат – кәсіптік біліктілікті дамыту, кішігірім ауданнан мол өнім алу. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз өсіру, бұл тәсілмен өсімдік ерітіндіден қажетті мөлшерде, дәл пропорцияда барлық қоректік заттарды алады. Гидропоника – жаңалық емес. Оның тарихы бұрынғы заманнан бастау алады. Мысалы, Аспалы бақтарды алатын болсақ, ол туралы бізге әлемнің 7 кереметінің бірі болып табылатынын Ежелгі Вавилонның археологиялық қазбалары айтады. Өсімдіктерді өсіруде гидропонды әдістің артықшылығы осы тәсілді қолдану кезінде жеміс өсімдіктерінің өнімділігі барынша артады, сәндік өсімдіктердің қарқынды гүлденуі, олардың өсуіне гидропониканың оң әсері дәлел бола алады. Гидропоника технологиясында өсімдіктердің арам шөбін жұлу, күлтелеу, қопсыту, топырақты өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек қана гидропонды құрылымды бақылап, ерітіндісін құйып отыру қажет. Бүгінде Жайлы мектептің зертханасында бидай, қияр, аскөк, салат жапырақтары өсірілуде. Қыс мезгілінде бұл әдіс арқылы үй жағдайында құнарлы көкөністер алынады. Бұл – ауыл шаруашылығына да, қала тұрғындарына да өте тиімді әдіс.
«Еңбегі адал жас өрен» бағытында оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру және еңбекқорлық идеясы арқылы құндылықтарды дәріптей отырып, қыздарды кәсіпке баулу жұмыстары да жүргізілуде. Мысалы, қазақтың ежелден келе жатқан нан өнімдерінің бірі – ши бауырсақты оқушы қыздарға пісіртіп, бүгінгі балалардың сүйікті асына айналған Fast food өнімін алмастыру көзделген. Әсіресе, балалар жақсы көретін фриге пішінін ұқсастырып ши бауырсақ дайындап, балаларды қызықтыру мақсат етілген. Нәтижесінде, осы мектептің оқушысы анасымен бірге ши бауырсақ әзірлеп, сатуды кәсіпке айналдырыпты. Олар ши бауырсақпен бірге қазіргі трендтегі шоколадты клубника да әзірлеп, кәсіп көзін тауып отыр.
Сондай-ақ, Сарыкемердегі Жайлы мектептің оқушылары қыш өнерімен де айналысады. Бұл өнер – көнеден бастау алған кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын басталып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Алайда, өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Оқушыларға сазбалшықтан құмыра жасау үшін қандай сазды пайдалану керегі түсіндіріліп, қыштан жасалған шыныаяқтарды қолмен жасатады. Ең бірінші ыдыстың түбі, одан кейін қабырғалары шығарылады. Гончарлық шеңбермен құмыра ғана емес, табақ, түрлі формадағы шыныаяқтар, күл сауыт және үйге қоятын түрлі сәндік заттар мен бұйымдар жасауға болады. Құмыра жасау – балаларға қол маторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар.
Сонымен қатар, бұл мектепте қыз балаларға тігін де үйретіледі. Болашақта осы тігінді кәсіпке айналдырғысы келетін оқушылардың қатары көбеюде. Қазіргі таңда Айзат Узаковамен бірге оқушылар сыпыра тігіп үйрену үстінде. Сыпыра – халық түсінігінде дастарқан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отбасының ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған. Сондықтан «Сыпыраны теріс бүктеме» деген ырым сөз де сақталған. Нан жайылып болған соң, сыпыраның ішіне аздап ұн мен ашытқы қалдырып, алдымен ішкі жағын беттестіре екі бүктеп, кейін екі жақ шетін теңестіре қайырып, ортасына қарай теңдей бүктеп, жоғарыға қойған. Осындай кешегі әжелердің тұрмыстық салтын үйретумен оқушы қыздардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, еңбекке баулу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Байзақ ауданы