Шығармашылық бірлестіктің көздегені көп

Биыл аймақта «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасы қолға алынып, жалпақ жұрттың назарын көркем сөзге аударып, өнеге тарату қарқын алып келеді. Барлық өнердің бастауы тіл деп білетін біздің халық қуанышты да, қайғыны да бір-ақ ауыз сөзбен жеткізіп, өмірін өлеңмен өргені, расында тапқырлық. Әрбір көркем туындының астарында терең тәрбие жататынын ескерсек, жасөспірімдерді кітап оқумен өсірудің нәтижесі жемісті болары анық. Осындай көтерген жүгі салмақты қазақ әдебиетін дамытуға үлес қосу үшін сөз өнеріне жақын бір топ жамбылдықтар 2023 жылы «Әулиеата шайырлары» шығармашылық бірлестігін құрған. Онда бір-бірінің көркем туындыларын оқып, талқылап, кем-кетігін түзеп, қазақтың әдебиеті мен өнерін дамытуға бірлесіп іс қылады.
Жақында осы шығармашылық бірлестіктің алғашқы жинағының таныстырылымы Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханасында ұйымдастырылды.
Бұл бірлестіктің құрамында облысымыздың тұрғындары болғанымен, ұйымдастыратын іс-шараларына көршіле с қырғыз елінің де ақын- жазушылары атсалысады. Ал, шығармашылық бірлестіктің негізгі көздегені – халықтың шығармашылығын дамытып, қазақ әдебиетін өрлетуге күш салу.
Қамар ҚАРАСАЕВА