Аймақ

Токсикомания – бар кеселдің бастауы

The final spritzer

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі саналады. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, ондағы көрсеткіштерді төмендету бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар жүргізілгенімен, әлі де қоғам назарынан тыс қалған түйткілдер аз емес. Өкініштісі сол, мұндай кеселдер кезегі келгенде көп келеңсіздіктің бастауына айналады. Мәселен, елімізде соңғы жылдары жас жеткіншектер арасында түрлі химиялық иістерді иіскеу арқылы «ләззат алушылар» қатары артуда.

«CARB» деп аталатын көлік карбюраторын тазалағыш пен тұрмыстық мақсатта қолданылатын желім түрлері мен бензинді синтетикалық пакетке құйып алып иіскеу бүгінгі жастарға жабысқан зиянды кеселдің бір түрі. Заманауи ғылымда мұндай құбылысты токсикомания деп атайды. Көбінде токсикоманияға жасөспірімдер үйір келеді. Тұрмыстық химиялық препараттарды иіскеу барысында адам масаң күйге өтіп, эйфорияға түседі. Содан соң есінің шатасуы, бейімделудің жоғалуы, құсу пайда болады. Кейбір заттар, тіпті, ойлау қабілетінің бұзылуын, өзін-өзі бақылаудың жоғалуын шақыруы мүмкін. Психолог мамандардың айтуынша, алғашында қызығушылықтан басталған мұндай тәуелділіктен арылуға кемінде 3 айдан 9 айға дейін уақыт қажет.

Жалпы, токсикоманиялық заттарды иіскеу ресми түрде наркотикалық әрекетке жатпайды. Өйткені, бұл санаттағы заттар наркотикалық заттардың есебіне тіркелмеген. Қолданыстағы заңнамалық тұрғыдан алғанда токсикомания үшін тағайындалған жаза түрі алкоголизммен деңгейлес, яғни химиялық заттарды тек қоғамдық орындарда тұтынғанда ғана қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Алайда, токсикоманияның адамның денсаулығына зияны орасан екендігін ұмытпаған жөн.

Маманның айтуынша, токсикоманияның алдын алмаған жағдайда наркоманияға ұласуы мүмкін. Сол себепті кеселді дерттің емдеу жолы да нашақорлықтың ем-шарасы секілді іске асырылады. Науқас емханадан шыққаннан кейін токсикомониялық заттарға көзқарасты өзгертуі, яғни оның зиян екенін, қабылдамау керек екеніне көз жеткізуі маңызды. Оның орнын спортпен шұғылдану деген секілді пайдалы істерге ауыстыруға тиіс. Ал, бұл ұзақ әрі қиын жұмыс. Сол себепті жасөспірімдерді әрқашан бақылауда ұстап, қандай да бір тәуелділіктен сақтау маңызды.

 

Нұрболат АМАНБЕК