Әженің ертегісі – тәрбиенің құнары

Көреген халқымыз сонау ертедегі білім-ғылым дамымаған кезеңде-ақ тіршіліктің түйткілін дөп басып танығанын әрбір іс-әрекеттерінен байқаймыз. Ол уақытта бала бүгінгідей балабақшаға, мектепке бармаса да, арнайы мамандардан сабақ алмаса да, дала мектебінен дәріс алып өсті. Нәтижесінде қайсар, батыл, ержүрек, адами қасиеті жоғары тұлға болып жетілгенін бүгінде біз мақтаныш ететін ата-әжелеріміздің өнегелі өмірінен көреміз. Сол салтты жоғалтып алмас үшін қазір білім беру мекемелерінде ата-әжелердің тәрбиесі бағдарламаға енгізіліп отыр.
Облыстағы 386 мектепке дейінгі ұйымда «Әжелер мектебі» құрылған. Облыс әкімдігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымдарда «Әжемнің ертегілеріне саяхат» танымдық сағаттары тұрақты өткізіліп тұрады. Аптасына екі күн бекітілген кестеге сәйкес білім мекемелерінде әжелер 2-3 топты біріктіріп, танымдық сағаттарын ұйымдастырады. Мұндағы мақсат – білім мекемелеріндегі тәрбиеленушілерді халық ауыз әдебиетіндегі ертегілермен, ертегі кейіпкерлерімен таныстырып, ұлттық рухани білімді насихаттау.
Біраз жылдан бері бала тәрбиесі саласында еңбек етіп келе жатқан Кеңескүл Онланбайқызының айтуынша, әженің ертегісінде үлкен тәлім бар. Әжелердің айтқан ертегілері арқылы баланың тілі, қиялы, сөздік қоры дамып, ертегі тыңдап, кітап оқуға деген қызығушылықтары артады. Балалардың бойында адамгершілік қасиеттері қалыптасады, шығармашылық қабілеттері ашылады. Ертегінің балаларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, тапқырлыққа баулуда атқарар рөлі зор.
Танымдық сағаттарды білім беру ұйымдарында зейнетке шыққан педагогтер, белсенді әжелер арнайы ұлттық нақышта безендірілген орталықтарда, музыка залдарында немесе топтың кітап бұрыштарында 4-5 жас аралығындағы бүлдіршіндермен жүргізеді. Өткен жылдың қазан айында бастау алған игі іс-шара бойынша бүгінге дейін 386 мектепке дейінгі ұйымдарда әжелердің тізімі жасалып, кестесі құрылып, танымдық сағаттары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Санасында өмірлік түсінік енді қалыптасып келе жатқан өспірім балаға ертегіні әженің айтуында да мән бар. Әже – әулеттің анасы, отбасының ұйытқысы. Көргені көп кейуананың шежірелі ойында қорытылған ертегі мағынасы жағынан да, тыңдаушыға берер тәрбиесі тұрғысынан да әбден сараланған әрі әдемі сөздермен балаға түсінікті тілде құрылған болып келеді. Әрі әже немересін еркелетуімен, түрлі тәттілерін әзірлеп ұсынуымен ең сүйікті жақын адамы саналады. Бала өзіне ең жақын деп білетін адамының барлық сөзін оң қабылдап, соны өмірлік ұстанымына айналдырады. Сондықтан, балабақшаларда бүлдіршіндерге әженің ертегісін тыңдату, олармен емен- жарқын әңгіме құрғызудың пайдалы болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА