«Білімі таяз уағызшылар қоғам үшін қатерлі»

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы болып Асқар Сатылғанов тағайындалды. Жас та болса, бас болып, бүтін бір өңірдің діни, рухани бағыт-бағдарын барлай білген азаматпен қасиетті Рамазан айының басында сұхбат құрудың сәті түсті.
– Ассалаумағалейкум, Асқар Зәкіржанұлы. Жаңа қызметіңіз құтты әрі қайырлы болсын. Әлқисса, сұрағымыз да осы тағайындауға қатысты болмақ. Мәселен, мемлекеттік қызметте меритократиялық жүйемен, яғни сатылап өсу деген бар. Ал, діни басқарма белгілі бір өңірге, ауыл-аймаққа имам тағайындау барысында қандай талаптарға сүйенеді? Имамдардың арасында ротациялау институты қалыптасқан ба?
– Уағалейкум ассалам. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастайын. Ең әуелі орайы келген сұхбат барысында күллі мұсылман қауымды, Ораза ұстауға ниет еткен барша жамбылдық жамағатты қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіндегі адамзат баласына ықылас- нұрын, шапағат-шуағын шашқан қасиетті айда дұға-тілектеріміз қабыл болсын!
Әуелі діни басқарманың қызметке қабылдау талаптарынан бұрын, жалпы «Имам» деген кім деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Имам – мешіттің ішіне ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, елдің бірлігіне тікелей жауапты тұлға. Имам – мұсылман қауымының ұстазы, айнасы. «Имам» сөзі араб тілінде «қоғам айнасы, жетекші, көшбасшы» деген мағыналарды білдіреді.
Діннен аз-кем хабары бар кез келген адам аудан, ауылға имам болып кете алмайды. Жергілікті жердің «айнасы» болу үшін діни басқарма бекіткен белгілі бір шарттар бар. Ең әуелі басқарма өкілі болу үшін ниетті кісінің мектеп қабырғасындағы он бір жылдық білімі немесе колледж тәмамдағаны туралы куәландыратын аттестат немесе дипломы болуы қажет. Сондай-ақ, оның діни білім алғандығын растайтын дипломы да міндетті түрде сұралады. Сонымен қатар, негізгі шартта барлық мемлекеттік және бюджеттік салаларда жұмысқа қабылдау барысында сұралатын міндетті құжаттар тізімі де қамтылған.
Басқарма ниет білдірушіні жұмысқа қабылдамас бұрын, одан екі түрлі электронды сынақ тест алады. Бірінші сынақта зайырлықтың конституциялық- құқықтық мазмұны мен негіздері бойынша сұрақтар болса, келесі кезеңінде шариғат бойынша бірнеше сауалдар топтастырылған. Сонымен қатар, асыл дінімізбен астасып жатқан қазақы салт- дәстүріміз бен діни рәсімдердің орындалу тәртібі бойынша да ауызша сұрақтарға жауап беруі тиіс. Осы ретте ескере кететін жайт, жоғарыда айтылған сынақтан сүрінбей өткен адам, имамдықтан бұрын мешітке азаншы, молда, ұстаз немесе имамның көмекшісі болып қызметке кіріседі. Имам болуы үшін сатылап өсіп, барлық іс- тәжірибеден өтуі қажет. Сіз айтып жатқан меритократиялық жүйе бізде де бар. Сондай-ақ, ротациялау институты да қалыптасқан. Белгіленген мерзімі – бес жыл. Облыс пен аудандарда ауыс-түйіс болғанымен, ауыл-аймақта кадр тапшылығына байланысты бұл үдерісті ұдайы жүргізіп отыру мүмкін бола бермейді. Егер жергілікті жердің тұрғындары тарапынан имамға қатысты нақты негіздемесі бар наразылықтар туындаса, оның діни білім-білігі және тәжірибесі аздық етіп жатса, тікелей басқармаға ұсыныс беріп, орталықтың шешімін орындаймыз.
– Осыдан 13 жыл бұрын ілім іздеушілерге есігін айқара ашқан «Һибатулла Тарази» медресе- колледжінің қазіргі материалдық- техникалық базасы қандай? Жыл сайын орта есеппен қанша түлек тәмамдайды?
– «Һибатулла Тарази» медресе- колледжін жыл сайын 11-15 түлек тәмамдайды. Рухани білім ордасынан 2015-2024 жылдар аралығында 137 түлек түлеп ұшқан. Қолда бар дерекке сүйенер болсақ, соңғы 5 жылда бітірген 67 шәкіртіміздің 38-і мешітке имам, ұстаз болып қызметке орналасқан. Бұл жерде айта кететін жайт, медресе-колледж қабырғасын бітіргеннің бәрі дін жолында қызмет етіп жатқан жоқ. Мұнда талапкерлердің кей бөлігі о баста дінді толық танимын, Алланың ақ жолынан адаспайын деген ізгі пейілмен оқуға түсіп, кейін басқа салаға ауысып жатқандары да бар.
Бұл медресе-колледж болғанымен де біз 11-сыныпты бітіргендерді ғана оқуға қабылдаймыз. Оқуға қабылдау барысында емтиханнан бұрын балаларды 20-30 күн топтап оқытып, ықылас-зейіні бар-жоғын анықтаймыз. Ішінен іріктелгендері дәстүрлі жазбаша және ауызша емтихан тапсырады. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай.
Медреседе білікті ұстаздар дәріс береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни білімге жауапты бөлімі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен арнайы оқу жоспары бар. Соңғы екі жылда министрлік тарапынан түсушілерге грант қарастырылып, студенттер баршаға ортақ белгіленген шәкіртақыларын алуда. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан оқытушыларға да жалақы төленуде.
Оқу ордасының материалдық- техникалық базасы заманауи талаптарға сай. Ғимаратта негізгі қажеттіліктерден бөлек, мультимедиалық сыныптар мен спорт және мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын арнайы зал да қарастырылған. Осыдан бес жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2020 жылы демеушілердің көмегімен медресе жатақханасы салынып, ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, игі істің басынан табылған болатын.
– Өкінішке қарай, қазіргі таңда дін атын жамылушылар көбейіп келеді. Діни білім-білігі болмаса да, әлеуметтік желідегі «уағызшылар» туралы не айтасыз?
– Иә, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде діни білім-білігі таяз «уағыз айтатындар» пайда болды. Тіпті, араларында бет-ажарын жасырып, бүркеніп алған нәзікжандылар да бар. Олардың мұндай әрекеті әуелі қоғам үшін қатерлі. Күні кеше ғана елордада уағызшылардың республикалық форумы болды. «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» тақырыбында өткен басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уағызшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, жамағатқа даналық жолмен насихат айтудың маңыздылығы жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, жиында діни ағартушылық қызмет, ең алдымен, дәстүрлі құндылықтар мен отбасы институтын дәріптеуге, қоғамды ұйыстыруға бағытталуы керек екендігі айтылды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша діни басқарма уәкілеттік берген адам ғана ислам дініне қатысты рәсімдер мен уағыз-насихат жұмысын жүргізуге құқылы. Демек имам-ұстаздар ғана уағыз айта алады. Алла Тағала Құранда: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе!» деп ескерткен («Исра» сүресі, 36-аят). Жалпы, Бөлтірік шешен айтпақшы, «не сөйлейтінімізді, кімге сөйлейтінімізді, қалай сөйлейтінімізді, қай жерде сөйлейтінімізді» бағамдай алуымыз қажет.
– Өңірдегі дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қандай іс-шараларды қолға алу жоспарыңызда бар?
– Дін – өрмекшінің торынан да өте нәзік. Дін – әуелі тәрбиелеуші құрал. Сол үшін мұнда жастық максимализммен әрекет етуге болмайды. Бәрін ой таразысына салып, орталықпен ақылдаса отырып, ұжымдық жұмыс атқару қажет. Жалпылама айта кетер болсам, алдағы уақытта жоспарланған облыстық деңгейде ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастыру жоспарда бар. Сондай-ақ, Ислам және отбасы жылы аясында атқарылатын ауқымды іс-шаралар легі тұр. Құдай сәтін салса, көре жатармыз. Не нәрсенің де «арық айтып, семіз шыққанын» қалаймын.
– Ел ішінде әлсін-әлсін «жасырын неке» туралы түрлі ақпараттық платформаларда айтылып қалып жатады...
– Өткір мәселені көтеріп отырсыз. Бұл тақырып жабық күйінде қалып кетпеуі керек. Шынтуайтында, бұл тақырыпты естіп қана қоймай, жұмыс барысында көзбен де көріп жүрміз. Байқасаңыз, жас жұбайдан соңғы үш-төрт жылда мешіттерде неке қию рәсімінде имамдар мемлекеттік АХАЖ бөлімінен неке қиылғанын растайтын куәлікті талап етеді. Бұл талаптар осындай астыртын, асыл дінімізге қайшы амал-әрекеттердің алдын алу мақсатында енгізілді. Шариғатымызда жасырын некеге рұқсат жоқ. Некенің негізгі шарттарының бірі – жария түрде болуы. Жария түрде болу деген күллі Қазақстан білу шарт емес, бас құрауға ниетті екі жастың ата- аналары мен жақын туыстарының некеден құлағдар, хабардар болуы деген сөз.
Жасыратыны жоқ, жергілікті мешітте ондай олақ оймен келетін жұптар кезігіп жатады. Неке куәлігін сұрасақ, «Бір айналып келеміз» деп ат ізін салмай кететін жылына бір-екі көрініс орын алып тұрады. Көңілімізге қаяу түседі.
– Алланың разылығы – ата-ананың разылығында екені шүбәсіз. Сабақ уақытысында жұма намазын жамағатпен оқуға асығатын мектеп оқушыларына имамдар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме? Жалпы, ата-анасын хабардар етпей, балиғат жасына жетпеген балаға ауыз бекітуге бола ма?
– Жазушы Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет, одан кейін – күш, одан соң тәртіп керек». Біз осы қанатты сөзді әрдайым басшылыққа алып, әрбір жұма намазында мектеп жасындағы оқушыларға, олардың ата-аналарына тек сабақтан тыс уақытта жұма намазына парызын өтеу рұқсат етілетіндігін ылғи құлағдар етіп отырамыз. Білім ордасының ішкі тәртібіне бағынбау – бейәдеп әрекет. Мұны асыл дініміз мақұлдамайды. Жалпы, дінде балиғат жасына жетпеген бала ораза ұстаудан, намаз оқудан босатылады. Жерлесіміз, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайтынын, тәртіпке бағынған құл болмайтынын» баса айтқан.
Алайда, жас баланы құлшылыққа баулу мақсатында намаз үйрету, ораза ұстату – жақсы амалдардан. Бұл ретте дінге зейіні бар жеткіншектердің ата-аналары өздері бастамашы болып, мешітіміздің имам, ұстаздарына сеніп тапсырып, дұрыс білім алғанын қамтамасыз еткені абзал. Өзіңіз айтқан әлеуметтік желідегі ортанқол «уағызшылардың» алдауына түсіп, илеуіне көніп кетпеуін жіті қадағалау қажет.
– Қазақ тілінің дін саласындағы қолданыс аясын біріздендіру үшін сіздің ойыңызша қандай амал-шарттар жасау қажет?
– Сөз маржанын теріп айтқан ата- бабамыз түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткерсе де, асыл дініміздің тұнығын еш лайлатпай келген. Салт-санамыздағы наным-сенімдер де Құран аятта парыз етілген іс- әрекеттермен біте қайнасып, көрініс тауып жатуы – соның дәлелі. Жалпы алғанда дін саласында қазақ тілінің қолданыс аясы әуелден кең. Тек соңғы екі жылдың бедерінде жас буын кейбір санаулы сөздерді араб тіліндегі аудармасымен айтуды сәнге айналдырып алғандай.
Осы ретте, күні кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында «Ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур» деп айтып жүргендерге көңілі толмайтындығын жеткізіп, діндегі кірме сөздерді қолданбауға шақырды.
– Мейірім-шапағатқа толы мерзімде ораза ұстаған жан қандай негізгі амалдарды ескеруі қажет?
– Ораза – кемелдікке ұмтылатын ай. Кемел адам – көркем мінездің иесі. Рамазан – адамзат баласын рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін ұлық та қасиетті айлардың бірі. Ораза айттың шуақты күндерінде мұсылмандар бір-біріне айттап, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдіреді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуанышқа кенелту де – қасиетті мерекенің жарқын көріністерінің бірі. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі.
Ораза тек аштық қана емес, рухани да құлшылық. Сондықтан, барлық нәпсіні тыю керек. Осы жерде оразаның сүннеттері мен әдебін айта кеткен жөн. Ауыз бекіткен кісі бір жұтым су болса да сәресіде тұрып ішу, күн батқан соң, намаздан бұрын дереу ауызды ашу, ауызашар кезде дұға жасау, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауызашар кезіндегі дұға кері қайтарылмайтынын айтқан, ораза ұстағандарды бір құрмамен, сумен болсын ауыз аштыру, ауызашар беру, тіпті мешітте жиналған жамағаттың бірнешеуінің болсын суын дайындап апарып берсе де үлкен сауапқа ие болады. Сондай-ақ, тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау, ілім үйрену, Құран Кәрімді көп оқу, көп салауат айту, сәресі мен ауызашарда қомағайланбау, иқтикафқа кіру (сауап алу мақсатымен мешітте түнеп құлшылық жасау) сауапқа бөлейтін амалдар.
«Aq jol» газетінің өткен санында «Рамазан–Алланың үлкен нығметі» атты қасиетті айдың мән- маңызы туралы мақалам жарық көрді. Сонда Әбу Ханифа мәзһабы бойынша ораза ұстау – адамның өз нәпсісімен күресу екенін айтқанмын. Ол рухани тазарудың, жан-дүниенің кемелденуінің жолы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ораза – қалқан. Кімде-кім ораза ұстаса, жаман сөз сөйлемесін, жаман әрекет жасамасын. Егер біреу оны балағаттаса немесе ұрысса, «Мен оразамын десін», – деді. Бұл хадистен түсінетініміз, Рамазан – жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес, ол рухани тәрбиенің ең жоғары сатысы.
Сөз соңында айтарым, қасиетті айда қазіргі заманның айықпас дертіне айналған гаджеттерге күні- түні телінбей, осы айды мейлінше оқу-зейінге, діни білім көкжиегін арттыруға және ізгі амалдар жасауға мейлінше күш салайық. Алла Тағала ниет еткен барлық мұсылманның дұға-тілегін қабыл етіп, мол сауапқа жазуды нәсіп етсін!
– Қасиетті Рамазан айы алдында сұхбат беруге ықылас танытқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
журналист.