Алар асуы көп «Alatau»

«Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – Кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның шахмат туралы сипаттамасы. Осы сөз Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Alatau» спорт клубының тәрбиеленушілерінің жас бола тұра спортта да, өнер мен білімде де даралану құпиясының кілті іспеттес көрінеді. Мұндағы шахмат үйірмесін жергілікті тұрғын, белгілі кәсіпкер Гүлбайра Жаңабаева ашып, клубтың ұйымдастыру жұмыстары Лаура Әбдіманапқызына жүктелген.
Жалпы, спорт клубының ішінен ашылған үйірмені жеке кәсіпкер өз қаражатына жабдықтапты. Мұнда шахмат үйірмесімен қатар, мамандар ағылшын тілі, математика, тарих пәндері бойынша қосымша сабақ беріп, логопед те жұмыс істейді. Ғимаратта шахмат үстелдері, ойын тақталары, теледидар, интернетпен бірге, арнайы демалатын орын да бар. Клубтың іс жүргізушісі Лаура Әбдіманапқызының айтуынша, қазіргі таңда балалар екі ауысымда бес топқа бөлінген. Үйірме аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күндері өткізіледі. Сондай- ақ, «DAMUBALA» бағдарламасы аясында мемлекеттік қаржыландыру жүйесі арқылы 7 жастан 17 жасқа дейінгі балалар шахмат үйірмесімен тегін қамтамасыз етілуде. Сабақты негізінен білікті маман Айнұр Нұрқожаева жүргізеді.
Рас, шахмат – ақыл-ой спорты. Ал, үйірмеге қатысқан балалардың логикалық ойлау қабілеті жақсы дамиды. Жас жеткіншектер топпен бірге жұмыс істеуді үйреніп, өз бойларында көшбасшылық қасиеті қалыптасады. Бастысы, әрбір бала өз уақытын дұрыс жоспарлауды шебер меңгереді. Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болғанда тығырақтан шығудың жолдарын, мәселелердің шешімін дер кезінде табуға дағдыланады. Қазіргі таңда үйірмеде бес топ болса, жақында тағы бір топ ашылады деп жоспарлануда. Үйірмеге негізінен 8 бен 14 жас аралығындағы балалар қатысуда.
Айта кету керек, спорт клубы жеті маманды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Alatau» спорт клубының алға қойған мақсаты мен жоспарлары көп. Мәселен, шахмат үйірмесіне қатысатын балалардың санын арттыру және басқа да үйірмелерге қатысатын балалардың оң нәтижеге қол жеткізу мақсатында жүйелі жоспар түзілген. Тек аудан орталығындағы балаларды ғана емес, алыс ауылдардан келемін деуші балаларға клубтың есігі әрдайым ашық. Балаларды өзара жарыстардан бөлек, аудандық, облыстық жарыстарға қатыстыру да көзделіп отыр. Шахмат үйірмесінің бөлмесінде балалармен Айнұр Нұрқожаева сабақ өткізеді. Маманның айтуынша, үйірмеге қатысушы әрбір баланың шахмат ойынына деген қызығушылығы әртүрлі.
Атап өтейік, жуырда Ертай ауылында жылдам шахматтан ұйымдастырылған аудан кубогында «Alatau» спорт клубы аудан кубогының жеңімпазы атанды. Бұдан бөлек, қатысушы балалар өзара мектепішілік жарыстарда алғашқы орындардан көрініп жүр. Ауданда мектепаралық ашық турнирде №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп- гимназияның атынан сынға түскен бұл команда командалық есепте бірінші орынға ие болды. Сондай- ақ, шахматтан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған облыс кубогының алғашқы кезеңінде де спорт клубының шахматшылары бақ сынады. Айтулы жарысқа алғаш рет қатысқан шахматшылар жақсы ойын өрнегін көрсетіп, балалар мол тәжірибе жинап қайтқан.
Қорыта айтқанда, шахмат тақтасындағы қарсылас алаңының соңына дейін жеткен пешка да уақыты жеткенде ферзьге айналатынындай, ақырын, бірақ анық басқан аталған үйірме қатысушыларының нағыз жеңімпазға айналатын күні алыс емес. Ал, олардың бойындағы шығармашылық қабілеттердің ашылуына білікті мамандар мен осындай қосымша үйірмелердің тигізер оң әсері мол. Ауданда алғашқылардың бірі болып игі бастаманы қолға алған «Alatau» спорт клубының жұмысы алға басып, шәкірттері жоғары көрсеткіш көрсететініне сенім білдіреміз.
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы