Қазақ халқына ықыласым ерекше

Айтулы күндердің бірі де бірегейі – Алғыс айту күні. Бұл мереке ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүткіл қазақстандықтардың киелі қазақ жеріне деген ризашылығының белгісі. Бүгін біз кәсіпкер Сослан Марзоев туралы айтпақпыз.
Ақбұлақ» шағынауданында «Тұмар» атты шағын дүкен бар. Шағын болса да сәнді, жинақы. Дүкен сөрелерінде халықтың күнделікті қажеттілігі – ыстық нан, қант пен тұз, тәтті бәліштер, шұжықтың, сүт өнімдерінің түр-түрі, кондитерлік өнімдер, тұрмыстық заттар жайнап тұр. Дүкен егесі Сослан Марзоев – өзге ұлт өкілі болса да қазақшаға жетік, емін-еркін сөйлейтін азамат. Дүкенге кіріп барғаннан-ақ жылы жүзді жігіт қазақшалап амандасып, сөредегі тауарлардың бағасын да нақтылап айтқанда кейбір қазақтар өзіміз ұялып қаламыз. Кейін білдік, Сослан Магамедұлы Талас ауданы, Қаратау қаласында туып-өскен азамат екен. Талас топырағына аунап-қунап өскен балаң жігіт өскен жердің тілін де біліп, дәстүрін де ұққан жөн деп есептейді. Мектептегі ұстазы Гүлнар Бекбосынқызының арқасында қазақ тілін терең үйреніп, тамаша сөйлейтін деңгейге жеткен.
Енді Сосланның кәсібіне көшейік. Оның дүкенінің жұмыс істеп тұрғанына биыл бес жылдан асты. Үздіксіз әрі тоқтаусыз халыққа қызмет етіп келе жатқан шағын бизнесі оған табыс әрі тұрақтылық беруде. Бір кездері біреуге қызмет еткен ол өз кәсібімді ашсам деген арманына жеткен. Азық-түлік фирмасында сауда өкілі болып істеп жүріп өзінің кәсібін қалай бастап, қай төңіректен ашу керектігін ойластырып жүреді. Түркиялық фирмада жүріп қарапайым сауда өкілінен бөлім басшысына дейін көтерілген. Алайда, өзгеге қызмет еткеннен гөрі өзіне жұмыс істегеннің тиімді екенін ұққан ол ақыры көздеп жүрген жерінен дүкен ашады.
Бір жақсысы – бұл дүкенде кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі мен шарап сатылмайды. Дүкенде екі сатушы жұмыспен қамтылған. Заңға бағынған, өз ісіне адал берілген Мадина және Лена кезекпен сауда жасайды.
«Саудада береке бар» деген. Сосланның қазақ тіліне деген құрметі мен саудаға адалдығы ерекше. Мұны барша сатып алушылар біледі.
Еш қиналмастан қазақша сөйлеп тұрған Сосланға риза болдық. Қалың қазақтың ортасында өскен жігіт «кило» емес «келі» деп, «метр» емес «шаршы» деп, арбуз емес, «қарбыз» деп таза қазақшалап сауда жасауда. Кішіпейілділігі мен адамгершілігі бір төбе Сослан Марзоевке өмір жолында сәттілік тіледік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА