Білім саласына жаңа бетбұрыс

Ел болашағы өнегелі, парасатты ұрпақтың қолында. Облысымызда білім саласында оң істер атқарылуда. Осыған орай №66 орта мектепте облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен және облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда облыстың білім саласындағы 2024 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы және 2025 жылға арналған міндеттер талқыланды.
Алқа мәжілісіне облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ардагер ұстаздар, білім бөлімдері мен білім мекемелерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылкулова баяндамасымен бастау алған жиын барысында білім беру саласының дамуы мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы «Әжемнің ертегілеріне саяхат, «Smart toys», «ЕCOLAB», «Асыл мұра» жобалары жүзеге асырылып жатқандығы айтылды. Білім саласының мамандары жиылған алқа мәжілісінде Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова мен №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева өз тәжірибелерімен бөлісті.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА