Аймақ

Азаматтық қоғам белсенділеріне қолдау жалғасады

The final spritzer

Заң үстемдігі орнаған Әділетті Қазақтанды құру жолында азаматтық қоғамның дамуы аса маңызды. Бұл тұрғыда ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Осы мақсатта 27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.

«Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастанның төрағалығымен өткен жиында алғашқы сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов үкіметтік емес ұйым өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың билік пен халық арасындағы байланыс көпірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, биыл аймақ басшысының бастамасымен 2025 жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алғандығын атап өтіп, жоба аясында «Тектұрмас» әдеби-мәдени, тарихи-ғылыми журналы жарық көретіндігін жеткізді. Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында да түрлі жобалар жүзеге асырылатындығын айтты.

Жиын барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, облыс әкімінің Құрмет грамотасы «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балжан Абдуллаеваға, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Дятловаға, Байзақ ауданы қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, медиатор Ғаини Көшекбаеваға табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен орталық мемлекеттік органдардан келген марапаттар өз иелерін тапты. Басқосуда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғап, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық аймақта той мәдениетін қалыптастыру бойынша жасалған жұмыстарға қолдау танытуға шақырды.

Жиын соңында үкіметтік емес ұйым мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК