Аймақ

Энергетика саласындағы ахуал қалыпты

The final spritzer

Жамбыл өңірі еліміздің энергетика саласы бойынша айтарлықтай үлеске ие. Әсіресе, аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бойынша облыс алдыңғы қатарда келеді. Бұдан бөлек, 24 компания электр энергиясын өндірумен айналысады. Олардың жалпы қуаты 1844 мегаватты құрайды. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Энергетика министрі өңірге жұмыс сапарын «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нен бастады. Стратегиялық маңызға ие өндіріс орыны электр қуатын жеткізу, облыстағы қалалар мен аудандарды электр қуатымен қамтамасыз ету, электр желілері мен қосалқы станцияларын пайдалану қызметімен айналысады. Мекеменің қызмет көрсету аумағы – 144,2 мың шаршы шақырымды құрайды. Жамбыл электр жүйесінің құрамына Тараз қалалық электр жүйесі және 11 аудандық электр жүйелері кіреді. Мұндағы барлық құрылымдық бөлімшелер жөндеу-өндірістік базалары, арнайы машиналар мен механизмдермен жабдықталған. Ал, барлық жұмыстағы орталықтағы диспетчерлік бөлім арқылы қадағаланады.

Жұмыс сапары барысында салаға жауапты министр мекемедегі оқу орталығының жұмысымен танысты. Мұндағы оқу базасы заманауи технологиялармен жабдықталып, біліктілік арттырушы мамандарға толық жағдай жасалған. Бүгінгі күннің өзінде мұнда аудандық орталықтардан жиналған оннан астам маман біліктілігін арттыру бойынша дәріс алуда.

Бұдан басқа, мекемеде қосалқы станциялар мен желілердің негізгі жабдықтарын орталықтандырылған жөндеуді жүзеге асыратын тағы жеті өндірістік қызмет бар. Оның ішінде электр желілерінің орталық қызметі және тиісті электр жабдықтарын пайдаланумен айналысатын қосалқы станциялардың орталық қызметі, құрылымдық бөлімшелердің жоғары жиілікті және ішкі байланысын қамтамасыз етумен айналысатын орталық телекоммуникация құралдары қызметі, кәсіпорын базасында орталықтандырылған қойма және жабдықтарды жөндеу цехы бар. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарымен айналысатын цех пен техникалық қызмет көрсету және автоматика қызметтерінің түрі де кіреді.

Өндірістік-техникалық бөлім жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізумен айналысады.

Бұдан бөлек, Алмасадам Сәтқалиев «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамының 4-ші аумақтық қазандығының жұмысымен танысты. Жалпы, облыста жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Өңірде тоғыз жылу-энергетикалық кешен және 593 автономды қазандық бар. Олар бүгінде 1646 көпқабатты тұрғын үй мен 1737 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуде. Жылу маусымына дайындық барысында былтыр Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтті. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таппақ. Нәтижесінде, жыл соңына қарай облыста жылу жүйелерінің тозу деңгейін 53 пайызға төмендету көзделген.

Жұмыс сапарын еліміздің оңтүстік бөлігінде ең ірі электр энергиясын өндіруші саналатын «Жамбыл ГРЭС» компаниясында жалғастырған Энергетика министрі Тараз қаласының тұрғын алаптары үшін жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Нұрболат АМАНБЕК