Әдебиет

Әулиеатадағы алғашқы ұстаздар

The final spritzer

Ортағасырларда қасиетті Әулиеата жерінде мешіт-медреселердің үлкен шоғыры қалыптасып, Ислам әлеміне танымал тұлғаларды түлеткені белгілі. Дәл осы кезеңде еліміздегі алғашқы дін таратушы аймақтан Баласағұни мен Һибатулла ат-Тарази бастаған Абдулла Мүбашшир ат-Тарази, Әбу Мұхаммед Жікіли, Абд Әмір Усман ат-Тарази, Саид Махмұд, Шейх Ахмед Тарази меркілік Саид Мирки секілді бас-аяғы 40-тан астам таразилер шықты. Бұл үрдіс кейінгі кеңестік Әулиеата тұсында да жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуіне себепкер болды. Ғасырлар тоғысында бабадан жеткен ілімді жаңа білім беру үлгісімен ұштастыруда Дербісәлі, Керімбай болыстар мен Сыдық, Ізбасар Абылановтар, Баймырза Бесбаевтар есімі ерекше аталады.

Тарихи деректерге сүйенсек, XIX ғасырдағы Әулиеатада ең алғаш сауат ашу мектебін свещенник Белозерский 1876 жылы ашқан. Аталған мектеп 1879 жылға дейін жұмыс істейді. Ал, 1883 жылы жергілікті болыс Керімбай Бұралқыұлы өз қаржысына қазақ батырларына арналған алғашқы интернат ашады. 1895 жылы интернат Асса орыс-қазақ мектебіне айналады. Дәл осы мектепте 1919 жылы алғашқы ағартушылардың бірі – Ізбасар Абыланов Асса интернатының меңгерушісі, 1922 жылы үздік оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған «Қаладағы оқудың жайы» туралы мақаласында: «Қалада 1919 жылдан бері ашылып, оқытылып келе жатқан интернатты екі мектеп бар. Оқушысы – 180. Мұның үштен бірі – қыз бала. 1925 жылы ашылған 60 панасыз балалар үйі бар. 1926-27 оқу жылында ересектер оқитын 40 кісілік жатақханасы бар бір мектеп ашылған. Мұнда сырттан 40 кісі қосылып, барлығы 80 адам оқиды. Бір түрік-татар мектебі бар, оқушысы 126, бес өзбек мектебі бар, мұның оқушысы – 428», – дейді. Ал, кейіннен аймақтағы оқу ісінің мәселелері туралы жыл өткен соң дәл осы басылымда «Әулиеата ауданында 46 мектеп бар. Оның 16-сы қалада, үшеуі екінші басқыш, 3-і интернат, 4-і бірінші басқыш мектеп. Ауылдағы мектептердің 58 проценті жалақыны мемлекет қаржысынан алады. Оларда оқыту жоспарлары қағаз бетінде болмаса, іске асырылмай қалды деуге болады. Ағарту бөлімінен бір адам келіп, осы мектептердің жайын білуге жарамағандығы іске үлкен кесір болып тиюде. Он бір ай ішінде 9 нұсқаушы өзгертілген соң іс қалай оңсын», – деп кейіген.

Ал, Әулиеатадағы алғашқы басқыш (бастауыш) мектеп ашушылардың бірі ретінде Дербісәлі Қалабаевтың есімі айрықша аталады. 1866 жылы Ақбұлым ауылында дүниеге келгенін ол ер жете келе халықтың қамы үшін жанталаса еңбек еткен. Еңбекшіл, зерек әрі ескіше сауатты Дербісәлі көп ұзамай халық атынан сөйлейтін азаматтардың қатарынан көрінеді. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат Х1Х ғасырдың аяғында қазіргі Ақбұлым, Жасөркен, Тараз қаласының қант зауыты бөлігі, қазіргі Байзақ, Түймекент, шығыста Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қайынды ауылына дейінгі жерге болыс болып сайланады.

Патшалық Ресей тарихында Ботамойнақ-Алмалы болыстығы деп аталатын осы аймаққа болыс болған атпал азамат халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайына, жер мен саудаға көп көңіл бөлген. Ең алдымен қазақ жастары сауатын ашсын деп, өз қаражатына Ақбұлым ауылынан медресе ашқан. Қазан қаласынан араб тілін білетін молда шақыртып, оған балаларды оқытуды табыстайды. Оған өз қалтасынан қаражат төлеп отырады. Еліне игілікті істерімен жаққан басшының шапағатын көргендердің бірі – Баймырза Бесбаев болатын.

1905 жылдары шамасында бала Баймырза әкесі мен шешесінен жастай айырылып жетім қалып, Дербіс (Дербісәлі) болыстың қолына келіп қолбала болып күн кешеді. Болыс қозысын бағып жүрген бала Баймырза алғашқыда балалар оқитын киіз үйдің ашық іргесінен сығалап өз бетінше оқып, болыс көзіне түседі. Бұл туралы оқиғаны Баймырза Бесбаевтың ұлы Жамбыл Баймырзаұлы былай баяндайды:

«Әкем болыс үйінің бір баласындай күн кешіп, үй шаруасына қөмектесіп, қозысын бағатын болған. Сол кезеңде молда шақыртып, ауыл балаларын оқытуды қолға алған Дербіс болыстың бөлек тіккен киіз үйінде балалар қадимше әріп үйренеді. Ала таңнан кешке дейін мал соңында жүріп, оқуға мүмкіндігі болмаған әкеміз қозыны өргізіп жіберіп, молданың тақтаға сызған әріптерін таяқпен жерге салып өз бетінше оқитын болған. Қозы дегенің қой секілді жайылсын ба, жамырап өріп кеткені үшін де әкеміз болыс бәйбішесінен талай ұрыс еститін. Күндердің бірінде жерге жазу жазып жатқан жерінен төбесінен көлеңкенің төніп тұрғанын көрген жас бала «біткен жерім осы» деп басын көтере бере қараса, қарап тұрған Дербіс болыстың өзі екен. Әкеміздің жазу-сызуға бейімділігін байқаған болыс «Қозы өргізіп ала беруіңнің сыры осы екен ғой, сенің обалыңа қалмайын» деп балаларының қатарына қосып оқуға береді, – дейді Жамбыл Бесбаев.

1918 жылы орталықтан балалардың тізімін сұратқан беймәлім бұйрық келіп түседі. «Тағы да соғысқа адам сұратып жатыр ма?» деп секемденген сол кездегі басшылар кедей балалары мен жетімдерді тізімге қосып жібереді. Алайда, кейіннен бұл бұйрықтың сауатты балаларды мұғалімдер курсына сұратқан пәрмен екендігі анықталады. Осы тізімнің ішіне еніп кеткен жігіт Баймырза Шымкенттегі алты айлық мұғалімдер даярлайтын курсты үш айда аяқтап, болыс салған медресенің орнына 1918 жылы жаңа үлгідегі балалар оқытатын бастауыш мектебін ашып, алғашқы ұстаздық қызметін бастайды. Ақбұлым ауылындағы дәл сол мектеп бүгінде Б.Бесбаев есімімен аталады.

Елдің бас көтерер қаймағын жалмаған қанды террор жылдарына кейінгі дүрбелеңдер де Баймырзаны айналып өткен жоқ. Абылановтар әулеті мен Дербісәлі болысқа байланысы болған деген жаламен аңдуда жүрген оны ұстамақ әрекеттер аз болмаған. Солардың бірінде тау баурайында оқушыларын экскурсияға шығарып жүргенде 44 жастағы ұстазға жұпыны орыс килігеді. Келе сала билікті жамандап жатып алған әлгінің сөзіне Баймырза ырық бермей, әр сөзін терістеп отырады. Десе де, кешкісін үйіне НКВД жендеттері келіп, тергеуге алып кетеді. Сонда әлгі жұпыны орыс капитан шеніндегі офицер болып шығып, мұның ақ адал адам екендігіне көзі жеткендігін айтады. Тек жалғыз жаласы оқушыларының ішінде халық жауларының баласы бар екендігін, ол жаладан соғысқа кетіп қана құтыла алатындығын айтады. Осылайша, қолында соғыстан босату туралы қағазы бола тұра 1942 жылы 44 жастағы Баймырза майданға аттанып кете барады.

Артымда екі қызымнан басқа ізімді жалғар ұлым қалмады деген өкінішпен майданға аттанған ұстазға отбасымен қайта қауышу бақыты бұйырады. Соғыстан кейін де ұстаздық жолын жалғастырған ол жетімдер мен кедей балаларын қамқорына алады. Таршылық заманда тіршілік жолын іздеп, ұжымшардан берілген бір қап жүгері дәнін балаларға еккізіп, жүгері нанды талғажау етіп талай баланың жанын сақтайды.

«Халық жауы» атанған Дербіс болыстың қамқорлығын көргендер қатарында өңірдің алғашқы ұстаздарының бірі, ағартушы Сыдық Абыланов та бар. Өлкетанушы Әбдуәлі Данай ол жөнінде: « Дербіс болыс Әулиеата уезінің алғашқы ұстаздарының бірі Сыдық Абылановты өз қамқорына алған. Сыдық Абыланов 1894 жылы Әулиеата уезінің Ботамойнақ-Алмалы болысына қарасты 7-ауылда қазіргі Байзақ ауданы, Байзақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек Сыдық бұрынғы медреседе сауатын ашқан. Дарынды да алғыр Сыдық Абылановқа Дербіс одан әрі білімін жалғастыру үшін 120 сом қаражат ақша жинап берген. Ол осы қаражаттың арқасында Орынбор қаласына барып білімін жалғастырған. Кейіннен Сыдық Абыланов бүкіл елге танымал сауатсыздықты жою науқанын жүргізуші, ағартушы атанды. Білікті ұстаз болады. 1938 жылы Қазақстанның радиокомитеті төрағасының орынбасары болды», – деп естелік қалдырған.

Сөзіміздің растығын «Айқап» журналының 1912 жылғы 12-нөмірінде жарияланған Сыдық Абылановтың мына бір хаты айқындай түседі: «Құрметті басқарушы мырза! Менің осы бір сөзіме... орын берсеңіз екен! Мен өткен жазда Әулиеатадағы ноғай мектебін оқып шыққан соң, Орынбордағы «Медресе – Хұсаинияға» кіруге өз шамам келмесе де, жергілікті кісілердің жәрдемі көп тиді. Ноғай туғандарымыздан Хусаин эфенді Бигаев, Шарифаддин эфенді Мұхиталдинов 20 сомнан берді. Смағұлжан, Молдағали, Низамалдин, Сиражалдин эфенділер 2-3 сомнан берді. Ноғай туғандарымыздан жинаған ақшаның есебі 52 сом, қазақ ағайындарымыздан 120 сом жиналды. Менің «Медресе – Хусаиния» секілді тәртіпті медресеге кіріп оқуыма жәрдем етіп, қолымды жеткізген жоғарыдағы аталған ноғай уа қазақ ерлеріне шын көңілімнен разы болсын айтамын. «Медресе-Хусаинияда» оқушы Сыдық Абыланов».

«Айқаптың» келесі 1913 жылғы 1-нөмірінде: «...Былтыр әулиеаталықтар өз қоластынан ақша жинап беріп, Сыдық Абыланов деген бір баланы «Медресе – Хусаинияға» жіберді. Ол ел атынан, жұрт атынан оқып жатыр. Оқуын бітірген соң халқына қызмет ететін болады», – деп хабарлады. Шынында үміт артқан ел сенімі артығымен ақталды. Сыдық кейін белгілі ағартушы, қоғам қайраткері, алғыр журналист, қаламы жүйрік жазушы болып шықты. 1920-1923 жылдары Әулиеатадағы «Коммуна» мектебінің меңгерушісі болып, ағарту ісінің орынбасары қызметінде жүріп Әулиеата уезінде 37 мектептің ашылуына себепкер болады. Бұдан кейін Ташкентте, Қарақалпақстанда ағарту ісінде, партия, Кеңес қызметінде еңбек етеді. Кейін ол «16-жыл», «Күндеспейтін қатын» пьесаларын жазып, әдебиет тарихына енді. Бауыржан Момышұлы «Наша семья» повесінде ағайынды Абылановтар жөнінде бірсыпыра өзіндік ойлар білдірген. Ізбасардың айқайшылдау, өктемдеу өкіл болғанын айтқан. Ал, Сыдық туралы жылы бір пікірлер қалдырған. «Ол өте ақылды, жайдары, ұстамды, кісімен сөйлесе білетін, жұрт көңілін таба, түсінісе алатын кісі еді. Орта бойлы, кең маңдайлы, жалпақ басты, шашын қылау шала бастаған, күзелген қысқа мұртты жігіт ағасы еді», – деп оның портретін айқындай түседі. Абылановтар әулетінен Ізбасар мен Сыдықтан бөлек, Ізтай есімді бауырлары да ұстаздық жолын қуады. Алайда, ашаршылық жылдарындағы жиынның бірінде қазақ балаларына мектеп ашу туралы сөзі үшін НКВД жендеттері алып кетіп, із-түссіз кетеді.

Сыдық Абылановтың қарындасы Мәликадан қалған Дербіс болыс пен ағасының ерлігі сипатталатын мына бір естелігі тұлғалар арасында мығым байланыстың болғандығын аңғартады. 1926 жылы басталған Түрксіб теміржолының құрылысы аз уақыт өтпей Әулиеатаға да жетіп, Алматыға қарай жалғаса бастайды. Сол кезде салынып жатқан теміржол Ақбұлым ауылындағы ескі қорымның үстінен өтетін болған. Міне, осы жайтты білген Дербіс Сыдық Абыланов арқылы Москваға хат жолдап, бабалар қорымын бұзбауын өтінеді. Ондағылар «Сендер өлілеріңнің қамын ойламай, тірілеріңді жарылқап алыңдар» дегендей кекесін жауап берген. Амалы құрыған болыс теміржол құрылысының бас инженері Струев деген азаматқа бір үйір жылқы беріп, теміржол желісін қазіргі Үшбұлақ станциясы тұрған мекенде тауға қарай бұрғызып, ата-баба жатқан қорымды аман алып қалған. Әрине, бұл сол кездегі ережеге сыймайтын батыл шешім болатын.

Дербісәлі Қалабаевтың еліне жасаған игілігі туралы бүгінде жерлестері мақтанышпен еске алады. Оның болыс болып ел билегенімен қарапайым өмір салтын ұстанып, малының бір бөлігін мұқтаж жандарға таратып беріп отырғандығы туралы деректер де аз емес. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында облыстық мемлекеттік архивтен табылған мәліметтерде «Секретно. Калабаев Дербис – 62 год. Ауыл-7. Кенесской волост Аулиеатин р-н» дей келе оның кәмпескеленген малдары тізімделген. Құжатта байдан 18 жылқы, 3 бұқа, 4 сиыр, 17 бұзау, барлығы – 42 бас мал ғана алғандығы айтылады.

Осыған қарап-ақ, тарихымызда бай-болыстарға қатысты қалыптастырған болмыстың әлі де сан қыры ашылмағандығын аңғара аламыз. Өткен ғасырда бай-кулактардың барлығы қанаушы, буржуаз деп бұрмаланған тарихымызда мұндай соны да, ақтаңдақ кезеңдері бар. Тіпті, бар қазаққа белгілі Құнанбай мен Алшынбай, Құдайменде мен Шормановтар секілді Әулиеаталық болыс-билеушілер де бір мақсат жолында біріге алған деген тұжырым жасауымызға болады. Оған өңірде алғаш мектеп ашуға себепкер болған Дербіс болыс пен Керімбай болыс арасындағы мына бір оқиғаға назар аударсақ болады.

Жалпы, 1929 жылдары Әулиеата қаласында В.И.Ленин атындағы тоғыз жылдық мектеп, жеті жылдық Қазан төңкерісі, (им. Годовщина Октябрской Революции) атындағы мектеп, 3-ші Өзбек мектебі, 1 кезеңдік мектептері болған. Ал, жоғарыда аталған алғашқы қос қазақ мектебі бүгінгі күнге дейін ел игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК