«Жақсылық жасап жарысатын ай»

«Мұхаммед үмбетіне жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан» дегендей, тағы бір жыл өте шығып, ауыз бекітетін мезгілге де жеттік. Әрине, ораза ұстау үшін ішіп-жеуден тыйылу жеткіліксіз, оның өзге де шарттары бар. Осы орайда, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Әр сәті сауапқа толы Рамазан айы да жақындап қалды. Барша мұсылман баласы үшін маңызды айға дайындықтарыңыз қалай?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыз бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлының Астанада іссапарда болуына байланысты сұхбат берудің сәті маған түскен екен. Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ай – рухани тазару, кешірім мен мейірімділік, сабыр мен тақуалықтың айы. Алла Тағала баршамыздың жасаған құлшылықтарымыз бен дұғаларымызды қабыл етсін! Рамазан – адамдардың жанын нұрландырып, жүректерін жұмсартатын, өзара бауырмалдық пен қайырымдылықты арттыратын қасиетті ай. Бұл айда әрбір мұсылман ізгі амалдарын көбейтіп, жүрегін тазартып, нәпсісін тәрбиелеуге ерекше мән беруі қажет. Қасиетті Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол көрсететін, ақ пен қараны айыратын Құран түсірілген ай», («Бақара» сүресі, 185-аят) деп айтылған. Осы себепті, бұл айда көбірек Құран оқып, оның үкімдеріне амал ету – баршамыз үшін үлкен мүмкіндік. Дайындық дегенде бұл сауапты айға әр жамағат, әр тұрғын өзін дамытып, көңілі мен ниетін бұрып дайындалады. Ал, өзімізге келсек, Тараз қалалық «Әулиеата» мешіті және шаһардағы отыздан астам мешіт Рамазан айына толық дайын. Алла қаласа көптеген мешітімізде тарауих намазы оқылып, ауызашар берілетін болады. Оны мешітте де жамағатқа хабарлап отыратын боламыз. Мұнан бөлек, он екі айдың сұлтанын сауапқа толы істермен, жамағатты қамти отырып, танымдық, тағылымдық іс- шаралармен өткізуді көздеп отырмыз.
– Бұл айда қандай амалдар жасаған дұрыс?
– Мұхаммед Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен, сауабын Алладан күтіп ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деп айтқан. Сондықтан бұл ай – күнәлардан арылып, Аллаға шынайы бет бұруға мүмкіндік берілген ерекше уақыт. Бұл берекелі айда ауыз аштырып, садақа берудің сауабы мол. Алла елшісі: «Кімде-кім ораза ұстаған адамға ауыз аштырса, оның сауабындай сауап алады», – деген. Сондықтан мұсылман қауымы бұл айда мейірімділік танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуі тиіс. Бұл айда айналаңдағы адамдарға мүмкіндігің болса қаржымен де, жақсы іс, жақсы сөзіңмен де жақсылық жасай берген жөн. Осындай игі істердің сауабы да үлкен. Бір сөзбен айтқанда, шайтандар кісенделетін, игі тілек қабыл болатын, жүрек нұрланатын ай.
– Көпшіліктің арасында ауыз бекітудің тәртібіне байланысты сұрақ көп. Оразаны қандай нәрселер бұзады?
– Ораза денеңнен үлкен көлемде қан ақса, көп мөлшерде түкірік жұтса, денеңізге дәрі егілсе бұзылады. Мұны жыл сайын ұстап жүрген азаматтар біледі. Ал, керісінше, ұмытып кетіп, дәм жеп қойғаннан, қанның аз мөлшерде шығуынан ораза бұзылмайды. Шариғат бойынша аяғы ауыр әйелдерге, науқас кісілерге ораза парыз болмайды. Оразаның негізгі шарты – сабырлы болу, сауапты іс жасау. Жамағаттың ауызашарға бару жағын ойлау емес, қандай да бір жақсылық жасап қалуға ұмтылатын айы.
– Кей кісілер жылдар бойы ораза ұстап жүргенін айтады. «Аузымыз берік еді, мынау затты кезексіз алсам бола ма?» дегендерді де көрдік. Яғни, ауыз бекіткенін басқаларға міндет етеді. Осы дұрыс па?
– Біз де оқта-текте осындай жағдайларды естіп, кейде куәсі болып та жүреміз. Сұрағыңыз орынды. Бірақ ораза әркімге жеке-жеке парыз. Сен парызыңды өтеп жүріп біреуге міндетсінуіңе болмайды. Кезекте тұрса да, қоғамдық көлікке мінсе де ауыз бекіткен адам басқаға зәбір бермеуі керек. Егер жастар құрметтеп, орын беріп жатса отыра беріңіз. Ораза ұстау тек қана ішіп- жемнен тыйылу ғана емес, жаман істердің бәрінен аулақ болу. Әсіресе, өсек айтудан, біреуді ғайбаттаудан сақтанып, әдепсіздіктен тыйылған дұрыс. Өзіңді өзің жақсылыққа қарай тәрбиелемесең, Алла ешкімнің отыз күн ашыққанына зәру емес. Тақуа кісінің иманы мен көркем мінезі көрініп тұрғаны дұрыс. Бұл ай – басқаның мінін іздейтін емес, керісінше, жақсылық жасап жарысатын ай. Тағы бір ескерте кететін жайт, ауызашар дастарқанына ас та төк дайындалудың қажеті жоқ. Қарапайым тағамдармен өткізе берсе болады. Ауызашар берудің мәні – шектен тыс тойдырып жіберуде емес, шариғаттың сөзін тыңдап, Алланы еске алып, жақсы амал жасап, жақсы сөздер айту маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.