Әлеумет

Жақсылық ақынның мұрасы жаңа деректермен толықты

The final spritzer

Қуатты қаламына шыншылдық пен асқақ рухты арқау еткен талантты ақын Жақсылық Сәтібековтің есімі елімізге кеңінен таныс. Ақынның өнегелі де, өршіл жырларын ел болашағы – жас толқындар да жатқа оқып жүргені анық. Себебі, ақын жырлары мазмұны бай, тағылымы терең, жаттауға сұранып тұрған жырлар.

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде ақын, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақсылық Сәтібековке арналған бұрыштың ашылғанына біраз жыл болған. Бұл бұрышта қаламгердің «Бозқараған», «Әнші дала», «Асқаровтың соты», «Боздақтар» кітабы қойылып, өмірбаяны туралы мәліметтер кеңінен қамтылған. Әр жылдары ақынды құттықтаған жеделхаттар, марапаттарының көшірмелері де сақталған. Сондай-ақ, барша қазақтың жүрегіне еніп кеткен «Қара кемпір» толғауының жазылу тарихы зерделенген мақалалар топтамасы да кездеседі. Шағын бұрыштан келушілер ақын жайлы көптеген мәліметтерді тауып ала алады. Музейдің ғылыми қызметкері Айнагүл Мамытбекова: «Аудан халқы үшін ақынға арналған осынау бұрыштың мәні терең. Музейге келушілердің көпшілігі аталған бұрышқа назар салмай өтпейді. Арнайы келетіндер, осы бұрыш материалдарынан мәлімет алып кететін мектеп мұғалімдері, шығармашылық адамдары, журналистер, оқушылар жеткілікті. Себебі, Жақсылық Жақыпбекұлы тек ауданымызға ғана емес, барша қазаққа ортақ дара тұлға. Біздің мақсат – жас ұрпақ бойына ақынның рухты жырларын дарытып, жасөспірімдерді ізгілік жолына тәрбиелеу», – дейді. Аталған аудандағы Н.Киікбаев орта мектебінің оқушысы Жанель Күрішбекова: «Музейге уақытым болғанда келіп тұрамын. Ақын Жақсылық Сәтібеков атаның бұрышы ерекше әсерлі. Менің замандастарым да бұл бұрыштан көптеген мәлімет және жақсы әсер алып қайтып жүр», – деп ағынан жарылды.

Жақында аталған музейге ақынның туған қарындасы Зина Жақыпбекқызы келді. Ол ағасына арналған бұрышты басқа да газеттермен, бірқатар мәліметтермен және кітаптарымен толықтырды.

 

Байзақ ауданы