«Бауыржан 1-ші» немесе әділдік жеңеді, бірақ кешігіп...

Қазақтың көрнекті тұлғасы Бауыржан Момышұлы туралы елде көп аңыздар тарап кеткен. Қазір олардың қайсысы шын болған оқиға, ал қайсыбірі кімнің фантазиясының туындысы екенін ажырату қиын. Сондықтан халық батыры Бауыржан қандай адам болғаны туралы онымен бірге қызметтес, дос болған адамдардың пікірі арқылы білуге болады. Биыл Бауыржан Момышұлының 115 жылдығының қарсаңында ол туралы полковник Петр Гореликтің «Бауыржан 1-ші» атты мақаласымен оқырмандарымызды таныстыруды жөн көрдік. Петр Зелманович Горелик 1918 жылы Харьков қаласында дүниеге келген. Кеңестік әскери қайраткер, әскери ғылымның кандидаты, Ұлы Отан соғысының қатысушысы.
Бір кездесулер болады, адамның өмірінде өшпестей із қалдыратын. Сондай кездесу мен үшін Бауыржан Момышұлымен танысу, содан соң достасу болды.
Ол даланың желі сияқты еркін, жүгенге көнбейтін арғымағы сияқты қазағы еді.
Соғыс оны жау соққысының ең өткір шебіне қойды. Жағдай оған ойлануға мұрша бермеді. Сондықтан да ол ұрыстың қатал заңдарын тез ұғынды. Ар өлімнен де күшті деп өскен Бауыржан қорқыныштан айырыла білді. Халық алдындағы парызы күмәндануды ұмыттырды. Ұрыс тек қара күштердің арпалысы емес, сонымен қатар ақылдың айқасы деп түсініп, қателіктерге жол бергізбеді. Соғыста қарамағындағы адамдарды аяу оларды аямаумен тең деп түсінген Бауыржан бойындағы аяныш сезімді сығып шығарып тастады.
Осылайша темір мінез қалыптасты. Осындай болаттан жасалған қазақ ретінде ол Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» кітабында елге танымал болды. (Осы кітап Қытай халық әскері құрылып жатқанда жауынгерлік жарғыға теңестіріліп, әрбір қытайлық командир оны жатқа біліп, өзімен алып жүруі кездейсоқтық емес).
Біз 1953 жылдың күзінде Калинин қаласында, әскери тыл академиясында таныстық. Бір күні кафедра бастығы мұғалімдердің бөлмелерін аралап жүріп, арасында кафедраға «Бауыржан Момышұлы деген оғаш фамилиясы бар» жаңа аға оқытушы тағайындалды деді. Генерал оның қайсысы фамилиясы, қайсысы аты деп басын әбден қатырды. Ал мен үшін онда ешқандай құпия жоқ еді. Бектің кітабы есімде сақталып қалған, оның үстіне кітап та, оның кейіпкері де – «тегі жоқ адам» – кезінде мені баурап алған. Сондықтан мен аты аңызға айналған Бауыржанмен танысуға асықтым. Оның келуі кафедраның өміріне көптеген әдеттен тыс нәрселер әкелетінін және ол билік үшін оңайлықпен шағылмайтын жаңғақ болатынын болжадым.
Көп ұзамай біздің шағын бөлмелерімізге Момышұлы келді.
Оның академияның табалдырығын аттай салысымен екі кісімен кездескені туралы әңгімесі есімде. Әрине, Бауыржан бұл адамдарды танымайтын, бірақ кім туралы айтқанын біз оңай түсіндік. Чеховтың кейіпкерлері сияқты, дәл сондай фамилиялы адамдар еді олар – Преподобный және Зашибалов.
Түймелердің орнына ілгектері бар, ұзындығы тротуарды сыпыратындай шинель киген (әскери тәртіп бойынша шинельдің ұзындығы жерден 30 сантиметр биік болу керек), папахасын басына қисайтып киген, аяғында шпоралары бар, ұзын бойлы, сымбатты бейтаныс полковник алдынан шыға келгенде, генерал-майор Михаил Арсентьевич Зашибалов есінен ауып қала жаздаған көрінеді.
– Генерал мені көргенде, – деді Бауыржан, мысқылын жасырмай, – екі көзі ұясынан шыға жаздады. Мен өзімді таныстырдым, бірақ генерал менің атымды естімеді-ау, оған менің сыртқы келбетім қызық көрінді.
– Қымбаттым, мынауың қайдан шыққан форма, сіз әртіспісіз, әлде шынайы полковниксіз бе?
– Мен генералға бәріміз аздап әртіспіз деп айтқым келді, – деп сөзін жалғастырды Бауыржан. – Бірақ өзімді дер кезінде тоқтаттым да, тактика және оперативтік өнер пәнінің оқытушысы болып тағайындалғанымды хабарлап, басшыларға танысуға бара жатқанымды жеткіздім. Менің сабырлы үнім генералды «оталдырып» жіберген сияқты болды.
– Осындай формамен басшылыққа? Ойлап көріңізші, осындай түрде бола ма? Сіздің қалыпты офицерлік шинеліңіз жоқ па? Біз әлі қысқы формаға көшпеген кезде неге сіз папаха киіп алғансыз? Шпоралардың бұған не қатысы бар?
– Мен генералға Якутскіден келгенімді, ол жақта баяғыда қыс басталып кеткенін, жаңа ғана поездан түскенімді, жүгім сақтау камерасында тұрғанын, мен бригадаға басшылық еткен Якутскіде менің жалғыз қозғалыс құралым ат болғандықтан шпораларсыз болмайтынын түсіндіргім келіп-ақ еді, бірақ генерал қатты ашуланғандықтан, ақталған жоқпын. Ары қарай не болады екен деген ой мені қызықтырды.
Ары қарай генерал көзін тастай жұмып, шексіз лекция-нотацияны бастады. Бауыржан біраз уақыт тыңдап тұрды, сосын үнсіз бұрылып, көзі жұмулы генералды тұрған орнында қалдырып кетті. Біз генералдың көзін ашқан кездегі жағдайын болжай аламыз.
Осы алғашқы кездесуден кейін үш жыл бойы Момышұлы Кеңес Одағының Батыры Зашибаловтың факультетінде тактикадан сабақ берді. Генералға риза болғанымыз, Момышұлы екеуінің арасындағы қарым-қатынас біркелкі болды.
Академияға кіреберісте екінші кездесу орын алды. Полковник Преподобный (орысшадан аударғанда «қасиетті, киелі» деген мағына береді) Бауыржанға: «Жолдас полковник! Бері жақындаңыз, сіз форманы бұздыңыз!» – деп бұйырады. Тыл академиясында офицерлердің сырт келбетіне қаншалықты құштарлықпен қарайтынын түсінген Момышұлы бұл жолы тоқтамады. Сұқ саусағын жоғары көтеріп, ол кіреберіске қарай жылдам жүріп, Преподобныйға: «Жазбаша түрде! Жазбаша түрде!» – деп өтіп кетеді.
Генерал Зашибаловтан полковник Преподобныйдың айырмашылығы оның кекшілдігінде болды. Момышұлының бұл батыл әрекетін кешірмеді. Ал Бауыржан болса саптық бөлім бастығының ескертулеріне: «Жазбаша түрде!» – деп жауап қайтарып жүрді.
Калининге Момышұлы жалғыз келді, әйелі мен балалары Алматыда қалды. Академия басшылығы оның еңбегі мен танымалдығын (ең бастысы, танымалдығын) ескеріп, жатақханадан жеке бөлме берді (әдетте офицерлерге кереует және жеке тумбочка ғана берілетін). Көрші бөлмеде жақында академияның саяси бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалған офицер тұрды. Оның тегі есімнен шыққанымен есімін есте жақсы сақтадым. Оның аты Сергей болатын. Көршілердің қарым-қатынасы өте жылы болды дегенге келмейді. Бауыржан мүмкіндігінше өзінің еркін ойлылығын Сергейдің көзінше тежеді, бірақ саяси қызметкерлерге қатысты командирлердің ирониясын жасырмады. Оған «Сергий» деп ат қойып алды. Мен талай рет олардың әскердегі партия және саяси аппараты туралы сезімтал тақырыпқа пікірталастарының куәсі болдым.
Бірақ оларды военторг асханасының тамағына жиреншектігі жақындастырды. Екеуі де жатақхананың жанындағы «Волга» ресторанында тамақтануды жөн көрді. Тамақтың құнын екеуі бірдей төлеп жүргенімен, Бауыржан көршісінің сараңдығын байқап қалды. Алдымен онысына мән бере қоймады. Бірақ Сергей күн сайын өзінің қаражаттық үлесін азайта түсті. Тіпті, бір күні қалтасынан бір сом шығарып, «менің символдық үлесім» деп даяшыға ұстата салып тұрып кете берді. Келесі жолы ресторанға келгенде, Бауыржан бір бөтелке коньякқа тапсырыс береді. Даяшы коньякті алып келгенде, Бауыржан Сергейдің төс қалтасынан әмиянын суырып алып, ішінен отыз сомдық купюраны шығарып, бөтелкенің астына қояды. Тамақ ішіп болғаннан соң Бауыржан даяшыға отыз сомды ұстатып, «бұл коньяк үшін, қалған ақшаны қайтармай-ақ қойыңыз» дейді (отыз сом бес бөтелке коньяктің құны еді). Одан кейін столға тамақтың жарты сомасын қойып, үндемей шығып кетеді. Осыдан кейін екеуінің «Волга» ресторанына бірге баруы тыйылды. Сергей бәрін дұрыс түсініп, «Селигер» ресторанында тамақтанатын болды.
Ресторанмен байланысты тағы бір әңгіме еске оралып отыр. Гарнизон бастығы офицерлер қаладағы ресторандарда тамақтануды тыю туралы бұйрық шығарады. Гарнизон бастығы осы Калинин қаласында орналасқан атқыштар корпусының командирі, Момышұлымен Бас штаб академиясында бір курста оқыған генерал-лейтенант болатын. Бауыржан ол туралы көп күлкілі оқиғалар айтып беретін. Әрине, оның көбі ұмытылды. Бірақ бір оқиға есте сақталып қалыпты.
Генерал курстастарының арасында жалқаулығымен танымал болған екен. Жалқаулығы соншалықты, сабаққа дайындалуды қойған. Курстастарының конспекттерін кезекпен пайдаланып, күн көріп жүріпті. Бәрі соған үйреніп кеткен. Келесі бір семинарда «Бекіністі аймақты бұзу» тақырыпты талқылау жоспарланыпты. Академия тыңдаушылары өздерінің ұсыныстарын ортаға салу керек. Бұл жолы генералға шпаргалканы беру кезегі Бауыржандікі. Оқытушы тақтаға сол генералды шақырады. Ол алдымен ойын саналы түрде баяндай түседі. Бірақ баяндаманы түйіндеуге келгенде, «...жауды және амбразураларды сылап бітеу үшін қамыратқыштарды қолдану қажет...» деп соғады. Аудиториядағы офицерлердің қарқылдап күлгені бүкіл академияда естілген көрінеді. Бірақ түк түсінбеген генерал «баяндама аяқталды» деп одан бетер күлкіге қалыпты. Сол күннен бастап бейшара генералды «қамыратқыш» деп атап кеткен екен.
Дәл осы генерал, Калинин қаласы әскери гарнизонының бастығы сол дүрліктірген бұйрықты шығарған. Ол бұйрық академияда да талқыланған. Әрине, Момышұлы ол туралы хабардар еді. Бірақ Бауыржан ресторанда тамақтанатын әдетін қоймады. Бір жолы ол отырған столдың жанына қолында қала бойынша кезекші деген повязкасы бар капитан келіп оған ескертпе жасауға рұқсат сұрады. Бауыржан тамақ ішіп болып жатқанын айтып, егер шаруа тығыз болмаса капитаннан күте тұруды сұранады.
Капитан мен қатардағы екі жауынгер вестибюльге байсалды шығады. Бірер минуттан соң Бауыржан олардың қасына келеді.
– Жолдас полковник, – дейді оған капитан, – Сізге гарнизон бастығының офицерлерге ресторандарға баруды тыю жөніндегі бұйрығы таныс па?
– Жолдас капитан, мен ол бұйрық қана емес, сол бұйрыққа қол қойған адамды да жақсы білемін, – деп жауап қайтарады Бауыржан. – Генералға бұрынғы курстасынан үлкен сәлем жеткізуіңізді өтінемін. Ал ресторанға баруға тыйым салды деп мен аш жүре алмаспын. Сондықтан да алдағы уақытта ресторанда тамақтана беремін. Мен қырағы адаммын, сондықтан өзіме сенемін. Сіз боссыз, жолдас капитан. Кафедраға келген және ортамызда Бас штабтың академиясын бітірген жалғыз офицер Бауыржан Момышұлына генерал Рогачевский қиын жауынгерлік жоспар жасауды тапсырды. Маған оған көмектесу жүктелді. Менің міндетіме техникалық жұмыстар кіретін болған – карта сызу, тапсырманың текстін, кіріспелерді және методикаларды жазу, ал Бауыржан болса шығармашылық жағын – соғысатын жақтардың түпкі ойларын және ұрыстардың жүрісін жасауды өзіне алды. Бірақ Бауыржан бұл жоспарға өзіндік өзгерту енгізді. Бүкіл техникалық жұмыстарды маған қалдырып, шығармашылық бөлігін екеуміздің арамызға бөлді: маған қорғанатын жақтың «ролін» жүктеді де, өзі шабуылдайтын жақты «ойнайтын» болды. Бұрын кафедрада бұндай тәсіл қолданбайтын. Әдетте тапсырманы дайындаушы екі жақтың да шаруасын жалғыз өзі атқаратын. Өзімен өзі «соғысып» жататын. Жаңа тәсіл өте қызықты және нәтижелі болып шықты. Арамызда пікірталас қызу болып жатты. Менің аргументтеріме Бауыржан «қарсыластың» контраргументтерін қарсы қойып, менің шешімдерімді әшкереледі. Мен үшін бірлескен жұмыс жақсы мектеп болды. Мен Момышұлының еркін ойлайтындығын жоғары бағаладым, сонымен қатар оның оқытушылық пен штабтық қызметке тән кертартпалыққа жеркеншілігін байқадым. Ол қолына қалам алмады, өзі ештеме жазбады, тек идеялар мен шешімдерді ауызша айтып отырды. Оның көпжылдық командирлігі штабизммен «бұзылмаған» болып шықты. Оның шешімдері бойынша құжаттарды штаб даярлайтындығына сеніп алған Бауыржан академияның оқытушысы болса да және оның штабы жоқтығына қарамай сол әдетінен айырыла алмады. Оның командирлік жүріс-тұрысын аристократизм деп атауға болатын. Жай ғана «тросточка» жетіспейтін.
Бауыржан ішкі бостандық пен тәуелсіздікке ие болды (жасырмаймын, мен оларымен таңданатынмын, тіпті қызғанатынмын). Көп нәрсе оған кешірілетін. Кафедрада оған әртүрлі көзқарас қалыптасқан еді. Момышұлыға эрудиция, әсіресе табандылығы жағынан кем түсетінін түсінген кафедра бастығы, майданда комдив, армия штаб бастығы болған генерал-лейтенант, азамат соғысына қатысқан ескі әскери адам одан сескенетін, оның орынбасары Бауыржанға тапсырмалар беруден бас тартатын, жас оқытушылардың зығырданы қайнайтын. Бірақ дауласу орын алмады.
Тыңдаушылар аудиториясына Момышұлы шын көңілмен баратын және басқа оқытушылардың өтінішімен оларды алмастыратын. Осында, аудиторияда ол өзінің стихиясына түскендей сезінетін, өзіне бағынышты кіші офицерлерді соғыс өнеріне үйрететін командир болатын. Тыңдаушылар оның сабақтарын жақсы көретін. Олар өздерін Момышұлының сабақтарында командир өткізіп жатқан «рекогносцировкада» болғандай сезінетін. Ол дегеніңіз шешім әлі қабылданбаған, сондықтан сұрақ қоюмен қатар командирдің кез келген ұсынысын жоққа шығаруға мүмкіндік бар. Бауыржан аудиторияда ашық пікірталас атмосферасын қалыптастыра білді. Оның батальон, полк, дивизия командирі болған кезіндегі жинақтаған әскери тәжірибесі ситуацияны бақылап отыруға көмектесетін, тіпті кейбір кездері тыңдаушылар оның пікірлері Далалық жарғыға қарама-қайшы келетініне назар аударғанда да. Осындай пікірталастар туындағанда оның тәжірибесі басым болатын. Ал әскери жарғыны ол бүкпесіз елемейтін.
Оның лекциялары сөзінің бейнелілігімен және тақырыптан тыс мәселелерді қамтуымен қызықты болатын. Әңгімелер практикалық философияға өрбіп, тұрмыстағы және әскери тәжірибемен толықтырылатын. Егер әскери-оқу орындарында тыңдаушыларға лекцияларды таңдау құқығы берілсе, Момышұлының аудиториясына басқа курстар мен факультеттердің офицерлері жиналатын еді. Еш нәрсені өзгерте алмайтынын түсінген басшылық оның еркін ойлылығына көнді.
Бір рет оның лекциясына бақылау үшін генерал Зашибаловтың орынбасары, Кеңес Одағының Батыры, полковник Поветкин қатысты. Кейін Бауыржан айтып беріп еді: «Оған лекция ұнады, Поветкин оны жасырмады. Бір ғана ескерту болды – қалайша мен осыншама жыл орыстардың арасында өмір сүріп жүріп, орыс тілінде білім беретін училище мен академияны тәмамдап, осы күнге дейін шығыс акцентімнен айырылмағанмын». Поветкиннің бұл ескертуі мені қатты ашуландырды. Мен ашуланғанымды жасырмадым. «Ең кемінде ақымақтық, – дедім мен Поветкинге, – қатты акцентпен сөйлеген адам отыз жыл басқарған елде осындай кемшілік үшін жазғыру, сол адамның одан да көп кемшіліктерін кешірдік емес пе!». Өзімді өзім ұстай алмай, Поветкинді қолынан ұстап, шетке шығардым да таза орыс тілімен боқтап салдым да сұрадым: «Қалай, полковник, акцент жоқ па?».
Демекші, кейін Бауыржан екеуміздің арамызда жақын қарым-қатынас қалыптасқанда, мен оның майдандағы жазбаларымен және болашақ «Ұшқан ұя» кітабының алғашқы нұсқаларымен таныса бастадым. Сонда мені оның орысша жазатындығы ерекше таңғалдырды. Неге олай деп одан сұрадым. Ары қарай ол орыстардың арасында қазақ жазушысы, ал қазақтардың ортасында орыс жазушысы болып көрінбейді ме деп сұрағым келді. Бірақ батпадым. Менің сұрағым оны қатты абыржытқаны әлі есімде. «Мен орысша жазғаныммен қазақша ойланамын», – деп ақталды ол.
Мен енді түсіндім, ол евразиялық тұлға болған. Қазақ таулары мен даласы тұрғынының ызғарлы мінезі онда орыс мәдениетімен сыйысқан. Оқу жылдары мен әскерде қызмет еткен кезеңде ол орыс тілі мәдениетін бойына сіңірген. Оның сөздері шығысша әсерлі болатын. Арасында мақал-мәтелдерді көп пайдаланатын. Мысалы, «Алдамшы дос көлеңкеге тең: ашық күні одан құтыла алмайсың, ал бұлыңғыр күні – таба алмайсың» деген шығыс даналығын мен одан естідім. Немесе: «Жау жағаңнан алғанда, ал иттер етегіңе жармасқанда не істеуге болады?», «Талған жүйрік қамшыны ғана емес, сонымен бірге оның сабының ауырлығын сезеді». Сонымен қатар, орыстың да мақал-мәтелдерін жақсы білген.
Оның мінезі азиаттық болған. Бауыржан шығысша ақсүйек еді, ол үшін абырой жай ғана сөз емес етін. Ол өте әділ болатын, кейде кішіпейіл, жағдайға қарай ызғарлы және қайтпас қайсар еді.
Оның ішкі бостандығы біздің сол замандағы жаппай қоғамдық және жеке еркіндіктің болмауымен қақтығысып, мінезін күрт өзгертіп, басшылықпен және қоғаммен ерекше қарым-қатынас қалыптастырды.
50-ші жылдардың ортасында Жоғарғы Кеңеске сайлау өткен. Сол науқан кезіндегі Момышұлының іс-қимылы әлі менің есімде. Әдетте сол іс-шараға жауапты академияның саяси бөлімі жоғарыға сағат 10-11-де тыңдаушылардың 100 пайызы дауыс берді деп мәлімдеме жасайтын. Бұл жолы да солай болды. Бірақ бір дауыс жетпей қалды. Ол Момышұлының дауысы еді. Сайлау учаскесіне ол сағат 12-де де келмеді. Күні бойы, кеш батқанда да жоқ. Үгітшілер оны іздейміз деп әбден шаршады. Жоғалған полковникті іздеуге кафедраның оқытушылары, тіпті қарт генерал кірісті. Бірақ Момышұлы жоқ. (Кейін Момышұлы Москваға кетіп қалғаны белгілі болды). Түн ортасына бес минут қалғанда, сайлау учаскесі жабылайын деп жатқанда Бауыржан түк болмағандай кіріп келді де дауыс берді. Келесі күні оны саяси бөлімнің басшысына шақыртты. Генералдың қабылдауына барардың алдында «Сайлау туралы ережелерді» алып алғанын Бауыржан кейінірек күлімсіреп айтып берген. Онша-мұнша ережелерге бағынбайтын полковниктің қылықтарына үйренбеген генерал зілденіп оны сөгіпті. Бауыржан біраз уақыт үндемей тұрады. (Оның үнсіз бедірейіп тұрғаны генералдың ашуына қаншалықты тигенін елестету қиын емес). Генералдың шыдамы таусылар кезде Бауыржан оған брошюраны ұсынды. Онда сайлау учаскелері түнгі 12-ге дейін жұмыс істейтіні туралы ереженің асты сызықшамен белгіленген. Сөйтеді де Бауыржан: «Мен болсам бес минут ерте келдім», – дейді. «Сіз боссыз», – деп күңк ете қалды генерал. Осымен аудиенция аяқталады. Ешқандай жаза қабылданбады. Бірақ компромат жинастыру жалғасты.
Көп кешікпей басшылықты, тек академияның ғана емес, әбден ызаландыру мүмкіндігі туындады. Приволжск әскери округінде ірі майдан жаттығулар жоспарланған. Тыл академиясынан сол жаттығуларға майдан тылы басшысының сарапшысы баратын болды. Басшылық Момышұлын жібереміз деп шешті. Әрине, ол бұл шешімге қарсы болды. Мен тыл қызметін білмеймін, сондықтан сол саланың мамандарының жұмысына баға бере алмаймын деген оның сөздеріне академия басшылығы құлақ аспады. Сонымен, Бауыржан Куйбышевке аттанды.
Жаттығулар штабында Момышұлы бұйрық алып, «шығыс» тылы басшысының сарапшысы ретінде Саратовқа жол тартты. Оның міндеті сол тыл басшысының жұмысын бағалап, күнде кешкісін өзінің қорытындыларын Куйбышевтегі жаттығулар штабына баяндау болатын. Жаттығулардың бірінші тәулігі өтеді, бірақ Момышұлынан «жоғарыға» ешқандай мәлімет түспейді. Екінші тәулік өтеді, бірақ Момышұлынан мәлімет жоқ. Үшінші тәулікте жаттығулардың тыл штабының басшысы москвалық генерал Бауыржанның үнсіздігіне ашуланып оны Куйбышевке шақыртады. Генерал үнсіздігіңді түсіндір деп талап етеді. Бауыржан Калининдегі басшыларына айтқан уәжін байсалды үнмен қайталайды:
– Мен Калининде академиялық басшылыққа тылды қамтамасыз ету сұрақтарын жете білмейтінімді ескерткенмін, бірақ менің қарсылығыма құлақ аспай мені осында жіберді. Егерде маған, жалпы әскерлік командирге командирлердің шешімдері мен іс-қимылдарын бағалау тапсырылса, менен хабарламалар уақытылы түсіп тұратын еді.
Генерал Бауыржанның шыншылдығын жоғары бағалап, екеуінің әңгімесі жылы шырайда жалғасты. Екеуінің арасындағы әңгімені кейбір жерлерін жұмсартып Бауыржанның аузынан естігендей етіп жеткізейін.
Генерал:Момышұлы жолдас, сіз тыл жұмысын бүге-шігесіне дейін білмейтініңізбен және мамандардың жұмысын бағалаудан бас тартқаныңызбен келісемін. Бірақ сіз машинамен жүресіз ғой. Сонда шынымен оның материалдық бөлшектерін білмейсіз бе? Тыл оны жанармаймен қамтамасыз ететінін білуіңіз керек.
Момышұлы: Жолдас генерал, кешіріңіз, сіз үйленгенсіз бе?
Генерал: Үйленгенмін.
Момышұлы: Онда әйеліңізбен махаббатпен айналысасыз ғой?
Генерал: Солай дейік.
Момышұлы: Бірақ гинекологияны білмегендігіңіз оған кедергі етпейді ме?
Олар дос болып айырылысты. Момышұлы Калининге қайтып келді, ал оның орнына Москвадан басқа бір офицерді жіберді.
Билік қазақ полковнигіне, атағы жер жарған қолбасшыға сақтықпен қарады. Оның болжауға келмейтін мінезі, жасырынсыз-бүкпесіз қазақ патриотизмі, жұмсартып айтқанда, «не поощрялись». Даңқ пен танымалдылығын ол биліктің қолынан алған жоқ. Билік пен даңқтың қарым-қатынасының осы қырын Борис Слуцкий былай деп дәл бейнелеген: «...атақ биліктің қолында болған, даңқты жоғарыдан өлшеулі түрде лақтыратын». Момышұлы батыр болуға тағайындалмады. Соғыста ерлік жасау аздық етеді, мәселе сол ерлікті биліктің көріп, бағалауында. Москва түбіндегі комбат Момышұлының ерліктері көпшілікке белгілі болды, бірақ биліктің оң бағасын алмады.
Соғыстан кейін де билік Момышұлына сақтықпен қарауын жалғастырды. Оған себеп, оның жүйенің рұқсатынсыз елдің берген атағы мен даңқы шығар. Өзіне лайықты наградалар берілмеді. Бас штабтың академиясын бітіргендердің көпшілігі генерал атағын алып жатқанда, оған генерал шені берілмеді. Туған Қазақстанында қызметін жалғастыруға да рұқсат етілмеді. Академияны бітіргеннен соң оны суық Якутияға бригада командирінің орынбасары етіп жер аударып жіберді. Соңында Бауыржанды командирлік әлеуеті таусылмай жатып оқытушы қызметіне ауыстырды.
Осындай қылықтарынан кейін Момышұлының билікке көңілі ауады деп күтудің өзі ақылға сыймайтын еді. Амал нешік, ол билікке төзімділік танытты, бірақ жек көрді. Сол жек көруі оның әрбір іс-қимылынан, әңгімелерінен, сөздерінен байқалып тұрды.
Момышұлының келбетін бейнелеу үшін мен өзіме «Арпалыстан» бірнеше жол пайдалануға ерік берейін: «Бауыржанның бет пішіні өнері жетік бір зергер ерінбей, жалықпай мәнерлеп, асыл тастан ба, әлде емен ағаштан ба, әйтеуір, бір өткір аспаппен мінсіз жонып жасағандай. Өңі моңғол түстес қара торы, шықшыты сәл шығыңқылау, бет ажарынан, әсіресе, танадай үлкен өткір қара көздерінің жалынды жанарынан өжеттіктің, батылдықтың, көп ойды көңілге тоқыған зерделіліктің белгісін көресіз. Қап-қара жылтыр шашы тарақтың ырқына көнбей, тікірейіп тұрады, өзінің әзіл сөзімен айтқанда, құдды аттың жалындай».
Кескіні дәл суреттелген, бірақ он бес жылдан кейін мен оны бірінші рет көргенімде «шықшыты сәл шығыңқылау» деп айта алмаймын. Шықшыты едәуір көзге түсерлік. Бауыржанда еркектік үстемдік байқалатын, еркектік қайраты көрініп тұратын. Ол әйелдерге ұнайтын. Академия қызметкерлерінің арасында оған ғашық қыз-келіншектер аз болмады, дәл солай ғашықтар Москвада да жеткілікті еді.
Біздің біртіндеп достыққа айналған жақындасуымыз әскери тапсырманы орындаудан басталды. Бірақ бірлескен жұмыс сылтау болған сияқты. Біз сол достыққа әрқайсымыз өзімізше дайын едік.
Мен жасыма қарамай романтик едім. Повестің кейіпкерін жақын тану мен үшін үлкен сәттілік деп білдім. Сол повесті мен Бауыржанмен таныспай тұрып әлдеқашан оқығанмын. Кітапты соғыс туралы айрықша мағыналы және аса шыншыл деп есептедім. Оны кейінірек шыққан Виктор Некрасовтың «В окопах Сталинграда» атты кітабымен салыстыруға болады. Маған кітаптың кейіпкері мен оның түптұлғасын салыстыру мүмкіндігі туды. Бұл жай ғана әуестік емес етін. Онда өзімшілдіктің үлесі бар болатын. Бауыржанмен дос болу мені тұлға, офицер және әскери оқытушы ретінде байытатынын жақсы түсіндім. Қателеспеппін. Сезгіштігім алдамады.
Бауыржанды жақындасуға жалғыздық итермеледі. Неге ол мені таңдады? Білмеймін. Бауыржан бәріне бірдей ашыла беретін адам емес.
Бауыржан біздің үйіміздің қонағы бола бастады. Біздің отбасымыздағы жағдай, көп жылдық соғыс пен әскери қыз-мет айырған отбасылық ошақтың жылылығы, үй иесінің шын ықыласы мен көңілінің ауу – осының бәрі біздің жақындасуымызға себеп болды.
Оның біздің үйге бірінші рет келгені әлі есімде. Бұл жаңа жылдан біраз уақыт өткенде болды. Бауыржан келеді деп біз арнайы дайындалмадық. Бірақ дастарқан мол болды.
Бауыржан балық пен крабтарға қол тигізбеді. Бірақ сорпаны рахаттанып ішті. Қырыққабатпен жасалған бәліш сол түрінде қалды. Тәттіден де бас тартты. Қонағымыз аш қалды деп қамыққан Ира жылдам ет қуырып жіберді де оны салаттан қалған күрішпен столға қойды. Бауыржан үй иесінің қамқорлығын бағалады.
Түскі тамақтан кейін Бауыржан қою шайды қантсыз ішіп отырып, Әуезовпен болған оқиғаны айтып берді. Ол әңгімені қазақ классигінің өзінен естіпті. «Абай» романының аудармашысы Леонид Соболев Әуезовті үйінде қонақ етіп күтіпті. Дастарқан орысша мол болыпты. Бірақ негізінен балық тағамдар қойылған екен. Үй иелерінің өкінішіне орай қонағы аш қалыпты. Онысын Мұхтар Омарханұлы жасырмай, қазақты қалай күту керектігін қалжың араластырып айтып беріпті.
– Базарға барып, он фунт қойдың етін сатып ал да, суға жақсылап қайнат, – депті Әуезов. – Қазақтың нағыз лайықты тамағы сол.
Әуезов келесі жолы Москваға келгенде Соболевтер оның айтқанын істепті. Қонағына қойдың етін тартыпты. Әуезов Соболевтің келіншегін мақтап отырып, етті рахаттанып жейді. Ет таусылғаннан соң Әуезов сорпасын сұрапты. Үй иелерінің есі шығыпты. Неге десеңіздер, білместіктен сорпаны төгіп тастаған екен.
– Келесі жолы бұл қателіктеріңізді қайталамаңыздар, – депті Әуезов. – Сіз тамаша әзірлеген еттің ең құндылығы – сорпада. Етті жеп болғаннан соң сорпаны бергендеріңізде дұрыс болар еді.
Бауыржан екеуміздің арамызда қарапайым және сенімшілдік қарым-қатынас орнағаны соншама, мен де, Ирина да оның әңгімесін тұспалдау, болмаса жазғыру деп қабылдамадық. Оның әңгімесінің астарында жаман ой жоқтығын сездік.
Бауыржан біздің үйге көп келе бермейтін. Бірақ келген сайын өзінің соғысқа дейінгі өмірі туралы айтатын. Оның әңгімелерінде патриархаттық және экзотикалық, біз үшін – европалық Ресейдің қала тұрғындары үшін таңғаларлық бояулар болатын. Ол сөздің майын тамызып сөйлейтін шешен еді. Сонымен қатар, біздің жақындасуымызға орыс поэзиясына «обоюдная» қызығушылық та себеп болды. Бауыржан біздің үйде отырып өлеңдерді оқитын. Болмаса өзімен бірге алып кететін. Үйдегі библиотекамыз кітаптарға мол еді. Пастернактың өлеңдерін өзі де оқитын, мен дауыстап оқығанда ұйып тыңдайтын. Кейде алып келіп өзінің жазып жүрген «Ұшқан ұя» кітабының жаңа парақтарын маған беріп оқытатын. Бір рет ол біздің үйге келе жатқандағы ойларын жазып ал деп менен өтінді. Оның әңгімесі былай өрбіді: «Мен түс көрдім. Менің әкем бөлмеге кіріп келді де: «Ұлым! Әр кеште думан құруыңды, әр түні махаббатпен айналысуыңды доғар! Бос қалтамен және сөндірілген рухпен оянуды тоқтат!
Бір кезде қолыңа қару алғандай құрақ ал. Сөздерің жауынгерлеріңдей сапқа тұрсын, қағаздың беттері полк және дивизия сияқты сыбдырлай бастасын. Үлкен және кішкентай істер туралы сырыңды аш: әжең туралы, мен туралы, өмір үшін ажалдан қорықпаған бауырларың туралы, әйелің туралы...
Мен үндемедім!
– Сен неге үндемейсің? Әлде, құдды аңдай ырғуға дайындалып жатырсың ба? Әлде, дана адамдай жаңа ойларыңды жинақтап жатырсың ба? Әлде қысқы орыс орманындай көктемнің жандануын күткендей тынышталып қалдың ба?
Бірақ мен үндемедім!»
Мен бір сөзін қалдырмай жазып алдым. Ол зер салып оқыды, датасын да «БАУЫРЖАН 1-ші» деп қол қойды. Сол сәтте оның асқақ келбеті мен көз тігуінде маңғаздық байқалды.
Біз 1956 жылы айырылыстық. Академияны Ленинградқа көшірді. Біраз офицерлермен бірге мен де сонда қоныс аудардым. Бауыржан сәл бұрынырақ отставкаға шығып еліне қайтып кеткен. 1960 жылы ол мені Алматыға шақырды. «За нами Москва» кітабын сыйға тартып: «Полковник! Сізді құрметпен және сүйіспеншілікпен есіме аламын». Бірақ «Бауыржан 1-ші» демей жай ғана «Б. Момышұлы» деп қол қойды.
Бауыржан 1982 жылы қайтыс болды. Көзі тірі кезінде өзіне лайықты ең жоғарғы награданы көрмей кетті. Билік оның ерліктерін өте кеш есіне түсіріп, Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Әділдік үстем болып шықты. Александр Володиннің сөздерін айтсақ: «Әділдік (Володинде – шындық) кейін салтанат құрады. Неге екені салтанат құрады. Бірақ неге екені кейін». Бұл жолы әділдік жарты ғасырға дейін кешігіп жетті.
Қазақ тіліне аударған
Бекет МОМЫНҚҰЛ,
облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.