Қарыз мәселесінде мұқият болған жөн

Өмірден көргенінен ойына түйгенін кейінгілерге өсиеттеп кеткен испаниялық ғұлама Луции Сенека «Ақша табу – үлкен еңбек. Оны сақтай білу – кемеңгерлік, ал тапқаныңды орнымен жұмсау – өнер» деген екен. Шындығында, ақшаны тапқанмен оны тиімді жұмсаудың жөн- жосығын білмейтіндер бар. Сол себепті де қазіргі қоғамда борышкерлердің қатары артып отыр. Қаржылық сауаттың өзегі – өзіне не қажет екенін білу, жомарттық пен дарақылықтың ара-жігін ажырата алу. Сондықтан, қарызданбай, барды ұқсата жұмсау – адам өмірінде аса маңызды.
Қарызы көп адамның күйі қиын. Кімге берешегі бар болса, соның алдында именшіктеп, жүзін төмен салып, бірден екі саты төмен түседі. Қарыз берушінің алдында өзін қор санайды. Елімізде банктен бөлек жеке адамдарға қарызы барлар жетерлік. Қарызын сұрамаса екен деп, кездесе қалса кібіртіктеп, екі сөзінің басын құрай алмай әбігерге түседі. Көптеген адам үстемесімен қарыз алып, уақытында қайтара алмауда. Кейбірі дос-жаранға, туысқа, жалпы айналаға қарыз.
Амалсыздан қарызға батқан ның бірі – шәкірт тәрбиелеп жүрген білімді ұстаз Ырысбала Жайманаева. Өзінің өтінішімен аты-жөнін өзгертіп беріп отырмыз. Облыс аудандарының бірінде мектепте мұғалімдік қызмет атқаратын ол біліктілігін арттыруға арналған квал тест уақытында тиісті межеге екі балл жетпей қалып, сынақтан құлайды. Яғни, біліктілік санатын ала алмай қалады. Осылай қиналып тұрғанда білім саласына қатысы бар бір «жомарт жан» 600 мың теңге берсе, тесттен өткізіп беретінін айтып, ұтымды ұсыныс жасайды. Ол үшін тек бір өзі емес, жанына өзі секілді тесттен өте алмай жүрген мұғалімдерді табуын өтінеді. Қуанғаннан ештеңені ойлана алмаған әлгі педагог өзіндей күй кешкен үш әріптесін табады. Ойланбастан банктен құрбысы екеуіне 1 миллион 200 мың теңге онлайн несие рәсімдейді. Қалған екі ұстаз да ақшаларын қолма қол ұстатады. Сөйткен алаяқ төрт мұғалімді де алдап, тақырға отырғызып кетеді. «Бүгінде ол алаяқ басқа қалаға көшіп кеткен» дейді айлакерге алданған педагог. Айлакердің арбауына түсіп, өзімен бірге ертіп әкелген екі әріптесінің қаражатын қайтару үшін амалсыздан тағы шағын несие алудан басқа амалы қалмаған. Сонымен бір басына бірнеше несиені міндеттеп алады.
Осындай шарасыздықтан борышқа батпандап кіргеннің тағы бірі – Луиза Кеулімжаева. Осыдан бес-алты жыл бұрын кәсіп ашу үшін біреуден 300 мың теңге алған. Оның өзі ай сайын 30 пайыздық үстемесімен бұйырған. Қазіргі қоғамда қарыз да тегін берілмейді.
Міне, жоғарыда айтқанымыздай, берешегі бар шарасыздың күйін ешкімге бермесін. Батпандап қарызға кіргендер өмірден баз кешуден де тайынбайды. Өзін дүниедегі ең бейшара сезініп, өзін- өзі табалап, ішкілікке не есірткіге тәуелді боп алуы да бек мүмкін. Қарыз аз уақыт ішінде материалдық қана емес, психикалық болмысты да өзгертіп жібереді. Біріншіден адамды жалғыздыққа ұшырат ады. Жиын-тойға, жақын-жуықтың басқосуларына бармай, оқшауланады. Ешкімнің көзіне түскісі келмей, телефонды сөндіріп, ұшты- күйлі жоғалғысы келеді. Бірақ, бұл – дұрыс амал емес. Қарыз бәрібір адамның миында тұрады. Екіншіден қарызы бар адамның көңіл-күйі құбылмалы болады. Ешкімнің сөзін көтере алмай, жүйке сі жұқарып жүреді. Себебі, ойында тек қарыздан қалай құтылу ғана.
Халық ішінде «қарыз күліп кіріп, жылап қайтады» деген сөз бар. Бірақ, кейінгі уақытта қарыздар «жылап та» қайтпайтын болған. Статистикаға сүйенсек, қарызға алынған ақшаның 50 пайызы иесіне қайтарылмайды екен. Сондықтан дос-жаранға, туған-туысқа да қарыз берерде ойланған жөн.
Заңгер Айшат Уәлиолланың айтуынша, қарыз жақындардың, етене таныс жандардың, әріптестердің арасында жүреді. Бірақ, бір-бірімен аралас-құралас болып жүрген жақындардың қаржылық міндеттемелерінің өзі күтпеген жағдаймен аяқталуы мүмкін. Өйткені, адамның көбі жақындарынан қарыз алғанда оны қайтаруға асықпайды. Тіпті «қарыз қайда қашады дейсіз, бір ақша түскенде беремін ғой» деп, достығын, туыстығын бұлдап жүре беретіндер де бар.
Қарызды қайтару – парыз. Әркім оң мен солына қарап, қарыз бен парызға абай болғаны абзал. Сондықтан, төлей алатын мүмкіндігіңіздің барына көз жеткізбесеңіз, қарыз да алмаңыз!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА