Жол жөнделіп, жарықтандыру жаңғыртылуда

Көлік инфрақұрылымын дамыту, жол жағдайын жақсарту мен көшелерді жарықтандыру бағытындағы жұмыстар Қордай ауданында да мемлекеттік бағдарламалар аясында кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта былтыр ауданда ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін сапалы көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды шаралар атқарылған.
Өткен жылы Қордай ауданында көлік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша үш негізгі жолды жөндеу жобасы іске асырылған.
Бұдан бөлек аудан орталығында көше жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жыл басталғалы ауылдық округ аумағындағы істен шыққан жарық шамдары ауыстырылып, ауылішілік жарықтандыру мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Бүгінде Самал ықшам ауданы мен Көктөбе көшелеріндегі ескі жарық шамдары толығымен жаңартылып, заманауи қуатты шамдармен алмастырылған. Сонымен қатар Цемзавод ықшамауданында көше жарығының 80 пайызы жаңартылып, тұрғындардың кешкі уақыттағы қауіпсіздігі мен жайлылығы арта түскен. Жаңадан орнатылған LED-шамдардың қуаттылығы – 150 вольтқа тең. Бұл шамдар бұрынғы жарық көздеріне қарағанда анағұрлым тиімді, электр қуатын үнемдейді және жарықтандыру ауқымы кеңірек. Аудан әкімінің сөзінше, көше жарығын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Нұрболат АМАНБЕК
Қордай ауданы