Аурушаңдықты азайтуға бағытталған шаралар артып келеді

Облыста аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда өткен жылы 6,7 пайызға жоғарылаған. Ал, өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдан 3,6 пайызға артқан. Өткен жылы ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген. Нәресте өлімі алдыңғы жылға қарағанда төмендеген, дегенмен өткен жылы 163 нәресте шетінепті. Облыс халқының денсаулығын сақтау жұмыстарын жүйелеп, өткен жылдардағы атқарылған істерді саралап, алдағыны жоспарлау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті.
Өткен жылға денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 15297,3 миллион теңге қарастырылған. Облыстың медициналық қызметінің өткен жылғы жұмыстары жөнінде мәлімдеген басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев облыста 392 денсаулық сақтау нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырғанын айтты.
Өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 20 медициналық-санитарлық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізілген. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде құрылыс басқармасы арқылы Қордай ауданында Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылысы өткен жылдың 29 тамызында және Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысы 23 қазанда аяқталып, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ өткен жылы жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге, психикалық денсаулық орталығына 705 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу толық аяқталған, ал психикалық денсаулық орталығының жөндеу жұмыстары биылға өтпелі.
Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 92,40 пайызды құраған. Өткен жылға 033 медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары бағдарламасы бойынша 4,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 4 компьютерлік томограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 2 маммограф, 3 флюорограф, 1 «С-дуга» жылжымалы рентген, 5 УДЗ, 1 транспорттық инкубатор (кювез), 5 кешенді сандық диагностикалық рентген және тағы басқа жабдықтар сатып алынған. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге 33 санитарлы автокөлік, 3 микроавтобус, 1000 моноблок сатып алыныпты. Ал биылға 6 миллиард теңге қарастырылған. Оған 2 магнитті-резонансты томограф, 2 компьютерлік томограф, 1 ангиограф, 1 лор комбайн, 3 сандық маммограф сатып алынбақшы.
Қан айналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда былтыр жоғарылаған. Осы аурудан болатын өлім-жітім 10 пайызға артыпты. Бір қуанарлығы, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші төмендеген.
Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру жөніндегі жол картасының «Пациенттерді цифрлық құралдар арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (әлеуметтік әмиян)» көрсеткіші бойынша өткен жылы QR-кодпен берілген рецептердің үлесін 10 пайызға (75 781) дейін жеткізу жоспарланған. Былтыр «Egov Mobile» қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөлімі арқылы «Дәрі-дәрмек» қызметі арқылы QR-кодпен 44 154 рецепт берілген. Бұл – жалпы рецептердің 5,8 пайызын құрады. Яғни, 2024 жылғы межеге қол жеткізілмеген. Кейбір медициналық ұйымдар межеге жеткенімен, бірқатар медициналық ұйымдар жоспарды жүгезе асыра алмаған.
Алқа отырысында медициналық қызметке қатысты түскен арыз-шағымдар да айтылды. Өткен жылы басқармаға Е-өтініш платформасы арқылы 2032 өтініш тіркеліпті. Оның ішінде 1480-і арыз болса, 153-і шағым, 174-і ұсыныс, 225-і басқа өтініштер. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына қатысты. Арыздар медициналық қызметкерлер этика деонтологиясын сақтамауы және ақпараттандыру түсіндірме жұмыстарын жүргізбеуінен, жолдамалардың барлық түрлерінің тиісті түрде бермеуінен, дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз етілмеуі жөнінде. Медициналық санитарлық эпидемиологиялық көмек бойынша шағым көбейген. Шағым түсуіне диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылаусыз қалдыру да себеп болған.
Жамбыл облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Айгүл Балғабаева департаменттің өткен жылғы жұмыс нәтижелері туралы ақпарат берді. Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байдилда Шыналиев жұқпалы аурулардың проблемалық мәселелері және денсаулық сақтау ұйымының жағдайы туралы баяндады.
Қамар ҚАРАСАЕВА