Білім

Қоқыстан құрылыс желімін жасаған жас ғалым

The final spritzer

Бүгінде пластикалық қалдықтар мәселесі жергілікті қоқыс алаңдарының шеңберінен шығып, жаһандық мәселеге айналғаны белгілі. Оның ішінде ондаған жылдар бойы табиғатта ыдырамайтын пенопласт топырақ пен су қоймаларын ластап, көлемі артып келеді. Ашық дереккөздегі мәліметке сүйенсек, елімізде орташа есеппен жыл сайын 100 мың тоннадан астам пенопласт қалдықтары жиналады. Қоқыстың мұндай көлемі полигондарды толтырып, қоршаған ортаны қорғау үшін жаңа шешімдер қажет екенін аңғартады. Осы мәселенің жолын іздеген тараздық оқушы пенопласт қалдықтарын қайта өңдеуді қолға алған.

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алия Жарқынова пенопласт қалдықтарын өңдеу арқылы нарықта сұранысқа ие құрылыс желімін ойлап тапқан. Ең әуелі шетелдік тәжірибелер мен пластикалық өнімдерді қайта өңдеу технологияларын теориялық тұрғыдан зерттеуден бастау алған жоба жоғарғы оқу орындары базасында тәжірибеден өткен. Зертханалық жұмысқа құрылыс пен тұрмыстық қалдықтар, қаптама материалдары жинақталып, түрлі талдаулардан өткен.

Жоба авторының айтуынша, қазіргі уақытта өндірістік қуаттарды кеңейту мүмкіндігі бағалануда. Сол арқылы жас өнертапқыш пластикалық қалдықтардың көлемін азайту, құрылыс нарығын қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Өз кезегінде бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына септігін тигізбек. Зерттеу жұмысының жетекшісі Алия Жусанбаева бұл әдістің қалдықтарды қайта өңдеу саласының сарапшыларынан жоғары бағаланып отырғандығын атап өтті.

Айта кету керек, жас өнертапқыштың экология саласындағы жалғыз жетістігі бұл емес. Ол өткен жылы ғана жас зерттеушілердің жаһандық ғылыми ойлауы мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған AFS Global STEM беделді халықаралық бағдарламасының қатысушысы атанды. Ғылымға, технологияға, инженерияға және математикаға құмар білімгерлерге практикалық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық арқылы осы салаларда бірегей мүмкіндіктер ұсынатын халықаралық жобаға Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары тұрақты түрде қатысып келеді. AFS Global STEM әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Пенсильвания университеті және ғылыми орталықтармен серіктестік те ұйымдастырылған. Бағдарлама барысында қатысушылар заманауи ғылыми әдістер мен тәсілдерді үйреніп қана қоймай, климаттың өзгеруі, тұрақты даму және экологиялық технологиялар сияқты жаһандық мәселелерді қозғайтын нақты жобалармен жұмыс істейді. Бағдарлама университет оқытушылары мен әртүрлі STEM пәндерінің (технология, инженерия және математика бағыттары) жетекші сарапшылары өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісетін онлайн курстар мен вебинарларды қамтиды. Сондай- ақ бағдарлама халықаралық байланыстарды орнатуға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және әртүрлі мәдениеттерді түсінуге ықпал етеді. Бұл жаһандық ғылыми қауымдастықтарды құруға көмектеседі.

Аталған бағдарламаға қатысу арқылы еліміздегі экологиялық проблемаларды шешуге және өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосуды мақсат тұтқан жас өрен бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өтіп жатқан AFS Global STEM байқауының жаһандық кезеңінде бақ сынауда.

 

Нұрболат АМАНБЕК