Қоғам

Уақытты дұрыс пайдалану өміріңді өзгертеді

The final spritzer

Уақыт – адамзатқа тегін берілген ең құнды сый. Уақыт байға да, кедейге де, даладағыға да, қаладағыға да ортақ. Бір тәулік, 24 сағат немесе 1440 минут жас-кәрі, еркек-әйел демей баршамызға бірдей берілген. Өзімізден әлдеқайда бай, тұрмысы түзелген, көп табыс табатын жанды көрсек, кейде «осылар не жеп ақылды болды екен» деп немесе басқаша теріс айтып сөгіп жатамыз. Адам баласының бай болуы да, кедей болуы да өз таңдауы секілді, алтын уақытымызды барынша пайдалы не пайдасыз өткізу де өз құзыретімізде.

Таң атады, кеш батады. Уақыт зыр етіп, ертеңгі күннің қалайша қайта басталып кеткенін білмей дал боламыз. Біреу алтынға да айырбастамайтын уақытын тиімді пайдаланады, жоспарлайды. Минут, секундына дейін жоспарлап әрекет етеді. Алмағайып ақпараттар көп заманда не істеп, не жегенімізді де, кімге қарыз боп, кеше не жағдай болғанын ұмытып кететін заманда тайм-менеджмент дұрыс секілді. Бұл әдісті елімізге белгілі кәсіпкерлер Марғұлан Сейсембай, Қуаныш Шоңбайлар алып келді. Ал енді біреулер асықпай ұйықтап, ас ішіп, аяқ босатып, жұмысқа барып-келіп жүргенінің өзін міндет санайды. Яғни, уақытпен санаспайды. Қымбат уақытымызды баянсыз іске жұмсамас үшін уақытты жоспарлауды қалай үйренсек болады?

Бүгінде қоғамда бір-біріміздің уақытымызды ұрлау кең етек алған. Тойға барсақ уақытылы басталмай, құдаларды күтіп, сарылып отырып қаламыз. Немесе қызметкерлер бітпейтін жиналыстарға қатысып, уақыт жоғалтады. Әлеуметтік желіде сағаттап отырамыз. Арзан әзіл мен бітпейтін сериалдарды көруге уақыт жұмсаймыз. Басқаша қайтпек керек? Ұлы Абай:

Сағаттың өзі ұры шырылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті

Қайта айналмас, бұрылмас, бұлдыр заман, – деп жырлайды. Ал енді жоспарлау дегеніміз не? Өміріңді, күнделікті тіршілігіңді жоспарлаған дұрыс па? Осы мақсатта біз дін өкілдеріне сұрау салып көрдік.

Ал енді тайм-менеджментке көшпес бұрын бұған психологтар не дейді? Бұл жайында психолог Кәмшат Бекжігітова жақсы кеңестер берді.

Күндік болсын, мейлі апталық, не айлық, тіпті жарты, бір жылдық болсын, жоспар құрған кезде қажеттілігіне қарай белгілі бір істерге маңыздылық таныту керек. Мәселен, ағылшын тілін игеремін деп ниеттенсеңіз, бұл іс барлығынан маңызды деп, оған басымдық беру қажет. Әйтпесе, ол арман күйі қала бермек. Тағы бір мысал. Мойныңыздағы ауруыңызды не бел ауруын емдейтін болып шешсеңіз, ол басымдықпен тұруы шарт. Күнде кешкілік ертеңгі күнге жоспар құрып қойған жөн. Таңертең жоспарды бір пысықтап, орындалған, орындалмағанын белгілеп отырса, тіптен тамаша. Күні, әр сәті жоспарланған адам кез келгенмен еріп дүкенге, асханаға кете бермейді. Себебі, бір күнде біраз шаруа тындыратындығын біледі. Аз-аздан, үздіксіз деген қағидамен әрекет етушілер жыл соңында қыруар тірлік тындырып, болашаққа зор үмітпен қарайды. Тайм-менеджмент жайында өндіре жазып жүрген жазушы Глеб Архангельскийдің айтуынша, уақыт бізге мұқтаж емес, біз уақытқа мұқтажбыз. Уақытын басқара білген жан өз өмірін көркем түрде өзгерте алады. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмайық!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА