Алуан ақпарат

Құқық
МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ІЗДЕУДЕ ЖҮРГЕНДЕР ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Көлік полицейлері былтыр жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген 127 қылмыскерді қолға түсірді. Мұндағы 50 адам – Ресей, Өзбекстан, Армения, Қытай, Үндістан, Түркия, Польша және Әзірбайжан елінің азаматтары. Бүгінгі таңда ұсталғандардың барлығы дерлік уақытша ұстау изоляторына қамауға алынса, 77-сі іздестіруге бастамашы болған елге берілді.
Биыл жыл басынан бері 23 қылмыскер құрықталса, оның 7-уі уақытша ұстау изоляторына тоғытылған. Сондай-ақ 16 адам іздестіру бастамашыларына берілген. Айта кетейік, қолға түскендер негізінен ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек көлік полицейлері аумақтық полиция департаменттерімен өзара әрекет ету аясында еліміздің әртүрлі өңірлерінде бой тасалап жүрген 5 азаматты ұстады. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 3 отандасымыздың орналасқан жері анықталған.
ДРОППЕРДІҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ СХЕМАСЫ ӘШКЕРЕЛЕНДІ
«Anti fraud» жедел алдын алу іс-шарасы барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 20 жастағы дропперді ұстады. Күдікті қылмыстық топқа шоттарға қол жеткізу үшін деректер мен банк карталарының реквизиттерін берген. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, полицейлер құрықталған азаматтың нақ осы сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарды алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Мамандар егер сізге белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері немесе полиция ретінде таныстырса, әңгімені тоқтатып, дереу жақын маңдағы полиция бөліміне немесе 102 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.
ЖАСӨСПІРІМДІ БОПСАЛАУШЫЛАР ҚОЛҒА ТҮСТІ
Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына 42 жастағы ауыл тұрғыны жүгінген. Азаматшаның айтуынша, белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын тапа- тал түсте «Hyundai Elantra» маркалы автокөлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Ол өз сөзінде күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып, әйелден 5 миллион теңге көлемінде қаражат талап еткенін жеткізді.
Жедел іздестіру барысында полицейлер күдіктілерді олар талап еткен ақшаның бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді. Бұл күнде олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. «Аталған факті бойынша бопсалау бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушінің интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды», – делінген ақпаратта.
ҚЫМБАТ АВТОКӨЛІКТЕРДІ АЛАЯҚТЫҚПЕН ИЕМДЕНГЕН
Тараз қалалық полиция басқармасына облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны танысының алдап және сенімді теріс пайдалану арқылы «Toyota Camry» маркалы 8 бірлік автокөлігін иемденіп алғаны туралы арызбен жүгінген. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Сондай-ақ тергеу барысында осы қылмысқа тараздық 30 жастағы тұрғынның да қатысы бар екені анықталған. Жүйелі жүргізілген жедел- тергеу шараларының нәтижесінде «Toyota Camry» маркалы 5 көлік табылып, тәркіленді. Жуырда қылмыстық іс облыстық прокуратураға жолданды.
БАЛАСЫ КӨЛІК ЖҮРГІЗІП, ӘКЕСІ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ
Бірер күннен бері өңір аумағында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Дәл осы іс-шараны жүргізу барысында Т.Рысқұлов ауданында полицейлер шетелдік нөмірлі көлікті құжаттарын тексеру үшін тоқтатпақ болады. Алайда, «Honda Odyssey» маркалы автокөлігінің жүргізушісі тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, қашып кетуге әрекеттенген. Патрульдік полиция қызметкерлері көлікті қуып жетіп, тоқтатқан.
Осылайша, жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның кәмелеттік жасқа толмағаны және көлік жүргізу құқығы болмағаны анықталды. 15 жастағы бала әкесінің көлігін үйінің алдынан рұқсатсыз айдап кеткен. Жасөспірімнің заңды өкілі – әкесіне әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды. Ал іс материалдары процессуалдық шешім шығару үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Есен ӨТЕУЛІ.