Жаңалықтар

Мемлекеттік тілдің мәртебесі маңызды

The final spritzer

Жақында ауыл шаруаларына арналған құқықтық кеңес беретін жиналысқа қатыстық. Баяндамашы орыс тілінде сөйлей бастаған, Сарысу ауданынан онлайн режимінде қатысып отырған кәсіпкер баяндаманы кілт тоқтатты да: «Осында қырық қазақ отырмыз, баяндамашы не үшін орыс тілінде мәлімдеме жасап отыр?» деді. Содан соң ғана қазақ тілінде баяндамасын жалғастырған әлгі азамат мемлекеттік тілде айтар ойын жеткізе алмай, қайта-қайта тілі күрмеліп, тұтыға берді. Мүмкін, қиналғысы келмеді ме, жүргізуші баяндамасын дайындап келген тілде айта беруіне көпшіліктен рұқсат сұрап, қазақшасын барлық қатысушыға соңынан тарататындарын жеткізді. Мемлекеттік тіл мәртебесін алса да, Ана тіліміздің қоғамдық орындарда қолданылу халі осындай. Өкініштісі, мұндай жағдай жалғыз бұл емес, көптеген басқосуларда кездеседі.

Сол жиында өзге тілдегі баяндаманы тоқтатқан, Ана тілін сүйетін, мемлекеттік тілді қадірлейтін Сарысу ауданының тұрғыны Шыңғыс Абдрахманов еді.

Расында да өзіміз қолданбасақ, Ана тіліміздің дамуы тежеледі. Тіл зерттеушілерінің айтуынша, әлемде әрбір екі апта сайын бір тіл жойылады екен. Тіл білімінде «тірі тіл» мен «өлі тіл» деген ұғым бар. Аталуынан-ақ белгілі, өлі тіл жойылудың алдында тұрған тіл. Ал, өлі тіл дегеніміз – ауызша да қолданылмайтын, тек жазба ескерткіштер мен жазбалардан ғана белгілі тіл. Осыған қарап, сөзіміздің басында айтқандай, жиындарда жасалатын баяндама, ортаға тасталатын ойды ауызша өзге тілде, қазақшасын тек жазбаша таратсақ, мемлекеттік тіліміздің халі нешік?

Елімізде тіл оқыту орталықтары бар. Ондағы негізгі мақсат – тіл білмейтіндерге тегін үйрету. Айталық, облыстағы Тілдерді оқыту орталықтарында және оның бөлімшелерінде мемлекеттік тілде 1407 адам оқып жүр екен. Бұл нені байқатады? Биыл облысымыздың халық саны 1 222 513 адамға жеткен. Яғни, мемлекеттік тілді оқып жүргендер облыс тұрғындарының 0,115 пайызын ғана құрайды, бұл мемлекеттік тілді білмейтіндер аз деген сөз бе, әлде оны меңгеруге құлықсыздық басым болғаны ма?

Тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембековтің айтуынша, елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша облыста мемлекеттік тілді үйренушілердің индикаторлық саны биылға 4135 адам болып бекітілген. Өңірде мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы облыстық статистикалық көрсеткіш негізінде өзге ұлт өкілдерінің тығыз шоғырланған 4 қала, 39 елді мекендерін ескере отырып әзірленіпті.

Осындай Мемлекеттік тілді үйрету жұмыстары, әсіресе, халыққа аса қажетті сала қызметкерлеріне үйретілсе екен. Қарапайым халыққа ең қажетті қызметті көрсететін құқық қорғау, медицина, төтенше жағдайлар, ғылым салаларында жиындар көбіне орыс тілінде өтеді. Ал, мәліметтерін қазақ тілінде сұрасай қалсаң, орыс тілінен аударған сөйлемдерінің сөзі бір-бірімен байланыспай, жалғау-жұрнақт ары жарасымсыздықт ан мағынасы түсініксіз қойыртпаққа айналғанын көресің.

Осындай кемшіліктерді болдырмай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, Ана тіліміздің аясын кеңейту үшін халыққа маңызды қызметтерді атқаратындарға мемлекеттік тілді білу міндеттелсе екен деген ұсынысымызды да айта кетейік. Сонымен қатар, көпшілікке арналған жиналыстарда айтылатын мағлұматтар, баяндамалар мемлекеттік тілде жасалуы билік тарапынанда қатаң қадағаланса дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА