Әлеумет

«Мейрамбайдың ұлы» десе марқайып қаламын»

The final spritzer

«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған», деп қазақ бекерге айтпапты. Ел арасында не жанымызда жақсыдан туған үлгі-өнегесі мол жандар жетерлік. Әке жолын жалғастырған жақсының ұрпағын не ізетті перзентті көпшілік «Асылдың сынығы», «Тектінің тұяғы» деп таныған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жақсының көзі – Бекнұр Сатыбалдиев.

Бекнұрдың әкесі Мейрамбай Сатыбалды көзі тірісінде қарымды журналист, іскер мемлекеттік қызметші болды. Ол «Аq jol» газетінің тілшісі, «Еgemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарып, кейіннен өзі «Жеті жарғы» газетін ашты. «Жақсы әкенің тәрбиесі балаға қырық жылға азық» демекші, ұлы Бекнұр да тура әкесінің өмірін жалғастырды. Студент күнінен облыстық «Аq jol» газетіне жұмысқа тұрып, талай тындырымды мақалалар жазды. Кейіннен мемлекеттік қызметке орналасты. Тіпті әкесі шығарған газетті 24 жылдан соң қолға алып, ақпарат айдынына қайта қосты. Әке алдындағы перзенттік парызын әлі де орындап келеді. Бүгінде ол облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингілеу бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз рас екен. Бекнұр студент күнінен облыстық «Aq jol» газетінде 2002 жылдан 2013 жылға дейін тілші болып жұмыс істеген. Артынша мемлекеттік қызметке табан тіреді. Әкесінің жолын жалғады деген осы. Бүгінде жұбайы Айдана Мамырбаева екеуі төрт ұл-қыз өсіріп отыр. Жары Айдана – қалалық білім бөлімінде есепші.

Бекнұрдың әзілқойлылығы да ерекше. Қағытпа қалжыңымен де қағып түсіреді. Ел арасында «Бекнұр айтқан» деген әзілдер де бар. Бір әулеттен екі журналистің шығуы, өз мамандықтарына адалдықтары жанды тебірентеді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. «Бабасы еккенді баласы орады» деген мәтелді қазақ осы Сатыбалдиевтер отбасына қарата айтқандай.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА