Қоғам қайраткерімен кездесу

Балаға тәрбие беру барысында әр қазақ шаңырағының орны бөлек. Әрбір ата- ананың тәрбие беруде өзгеше үлгілері бар. Алайда, бірде ата-ана жұмысбасты болып, бірде ерлі-зайыптылардың түсінісе алмауынан өнегенің өрнегі ақсап жатады. Сондай сәтте барша көпшілікке ой салатын, ұлтымызға ортақ ұлағатты перзенттер бар. Қоғам қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Шу ауданының құрметті азаматы Оразкүл Асанғазықызының да айтары мол.
Жұма күні облыстық «Анаға тағзым» орталығында өткен Оразкүл Асанғазықызымен кездесуге өңірдегі сыйлы ақсақалдар мен белсенді аналар, келіндер мен студент қыздар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ерекше көп жиналды.
Жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың жүректі тербейтін әнімен ашылды. Елімізге танымал күйші Дидар Басықараев та аңызға айналған күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шебер орындады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып: «Адамның жақсы қасиеті – тәрбиесі мен өнер, білімінде. Осы ізгі қасиеттердің баршасы Оразкүлдің бойында бар. Бір өңірге келін бола жүріп, аудандарды басқарды, облыс әкімінің орынбасары болды. Бүгін сіздердің орталарыңызға келіп отырған қонақтың отбасы құндылығына сіңірген еңбегі өте зор. Оразкүлдің қаламынан туған жаңа кітап құтты болсын. Жастарға үлгі берер мол қазына болсын», – деді. Ал, белгілі профессор Серік Негимов Оразкүл Асанғазықызының жазып шыққан жаңа кітабы бойынша жылы лебізін онлайн түрде білдірді. Өңірге сыйлы ақсақал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, Тараз қалалық аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова да ізгі тілегін арнады.
Келесі кезекте кеш қонағы Оразкүл Асанғазықызы сөз алып, барша көпшілікпен жылы амандасып, көрсеткен құрметтері үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, ол: «Еліміздің барлық облысын түгел аралап шықтым. Әрине, ақылым асық болғаннан немесе баратын жер таппай қалғаннан емес. Елімізде жас отбасылардың ажырасу жағдайы ұлғайып, балаларды тәрбиелеу жағы ақсап жатыр. Ел сыйлаған қалпымызды пайдаланып, жас келіндерге, болашақ аналарға өмірлік тәжірибемді айтуға келдім. Жас отбасыларға ой салсам, қазақтың ұлттық тәрбиесіне, отбасы құндылығына үлесімді қоссам деген ойым бар. Бізді әжеміз тәрбиеледі. Сол Рысбала әжеміз арқылы іс тігу, киім тоқу, тамақ әзірлеу жұмыстарының бәрін үйрендік. Ол үйренгеніміздің баршасы келін болған кезімде көмегін берді.
Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Түркістан облысына келін болып түстім. Екі енем болды. Мен түскен шаңырақта сауылатын төрт сиыр бар екен. Ауылдың кейбір үлкендері:
Мұнан соң қонаққа сұрақ қоюшылар да аз болмады. Тараз қаласының тұрғыны Гүлдана Үсейінова: «Өтпелі кезеңде толқып тұрған жасөспірімдерді қалай тәрбиелеуге болады?» деп сұрақ қойса, өңірімізге белгілі ұстаз Салтанат Жұмабекқызы мектептердегі сынып жетекші деген лауазымның маңызын көтеру, сол лауазымды жеке штат ретінде қарастыру туралы ұсынысын айтты. Заңгер Гүлбану Омарова:
Мұнан соң облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов пен Тараз қалалық аналар алқасының төрағасы Жанат Сарыбекова Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабының тұсауын кесті. Оңласын Есіркепов бата берді. Жиын соңында Оразкүл Асанғазықызы өзін сыйлап келген барша көпшілікке, «Анаға тағзым» орталығына алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ