Жаңалықтар

Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы

The final spritzer

Мемлекет басшысы киелі Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында білім беру саласына қатысты бірқатар міндетті айқындап берген болатын. Соның аясында былтырдан бері білім беру мекемелеріне ұлттық тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері енгізіле бастады. Мәселен, өткен жылы 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» іске қосылды. Бектөбе ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте қолға алынған бірқатар игі істерді осынау бағдарламаның шарапаты деуге болады.

Мектеп директоры Ақерке Батырбекқызының айтуынша, оқушылардың смартфонға деген тәуелділігін азайту мақсатында білім ошағында тәрбие сағаттары өткізіліп, әр сыныпқа ұялы байланыс құралдарын салатын арнайы қорапшалар орнатылған. Сонымен қатар, ауыл ардагерлерінің демеушілігімен мектеп ішіне үлкен шкаф қойылыпты.

Рас, жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата- бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бұл ретте бағдарламаның мазмұнын тереңдетіп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиесін оқушылардың бойына сіңіруде ауыл ақсақалдарының еңбегі зор. Айталық, аталған елді мекендегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зүттула Райымбердиев, қоғамдық кеңес төрағасы Әлішер Абдуллин мен алқабилер алқасының төрағасы Мәдішер Абдуллиннің осынау жобаны дамытуға жан- жақты қолдау көрсетуде. Амангелді орта мектебінде домбыра үйірмесінен тегін сабақ беретін Әлішер Абдуллин білімге көңіл аудару мемлекет үшін бірінші орында тұруы тиіс деген пікірде.

Атап өтерлігі, білім ошағының қабырғасында балалардың біліктілігін арттыратын арнайы бұрыштар орнатылған. Сонымен қатар, әр аптаның дәйексөздері де мектеп қабырғасынан бой көрсетеді. Бұл нақыл сөздер әр апта сайын ауысып отырады. Ұстаздардың бастамасымен жүзеге асқан «Көңілді үзілістер» жобасының берері мол. Мұнда оқушылар бос уақытты тиімді пайдаланып, әр сала бойынша білімін одан әрі жетілдіруге ұмтылады. Бастысы, мұғалімдер білім берудің сапалылығына көп көңіл бөледі. Олардың қатарында педагог зерттеушілер, сарапшылар, модераторлар, магистрлер және жас мамандар балаларға білім береді. Сондай-ақ, «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Smart bala», «Ұшқыр ой алаңы» жобалары жүзеге асырылып, білім сапасын арттыруға байланысты «Балақай», «Зерде», «Кемел» жобалары аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 2024- 2025 оқу жылында мектеп оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген. Озат шәкірттер ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларда география, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен жеңімпаз атанса, «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасы, «Алтын түлек» математикалық, ХVII президенттік, «Алтын сақа» математикалық және «Ақбота» зияткерлік олимпиадаларынан биік белестерді бағындырып келеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жамбыл ауданы