Құқық

Зағиптар зейінін ашқан

The final spritzer

Зағип жандар да кітап оқиды. Қалай десеңіз, олар көз жанары суалса да, айналасындағы әлемді танып, кітапты саусағының ұшымен оқиды. Арнайы Брайль қарпіндегі кітапты жазатын жандар көп емес. Ал, Таразда Брайль қарпінде 2000 данадан аса кітап жазған жамбылдық кітапханашы бар. Ол – талай зағип жандардың батасын алып жүрген Ербол Бегимов.

Ербол Аққайұлы 2008 жылдан бері облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында жұмыс істеуде. Қазіргі таңда ол жергілікті ақын, жазушылар мен мерейтой иелерінің кітаптарын Брайль қарпінде шығаруда. Ербол Бегимов кітап шығарумен қатар «Брайлист» және «Зағип және компьютер» үйірмелерін жүргізеді екен. Біз барғанда кітапханашыға арнайы Брайль қарпіндегі кітап шығаруды үйренуге Шымкент қаласынан Мария есімді кітапханашы келіп отыр екен.

«Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы 1969 жылы қараша айында Шу қаласы орталығындағы арнайы кітапханасын оңтайландыра отырып, Тараз қаласында ашылғанына биыл 55 жыл толыпты. Басқа кітапханалардан ерекшелігі, кітапхана қорында 4 форматтағы кітаптар сақталады. Олар бедерлі-нүктелі шрифттағы әдебиеттер, жайпақ баспалы шрифтағы әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар. Зағиптарға, басқа да топ мүгедектері мен қосымша қала тұрғындарына қызмет көрсетіледі», – дейді Ербол Бегимов.

Брайлист үйірмесінде 2024 жылы 12 адам білім алыпты.

Ал, «Зағип және компьютер» үйірмесі бойынша 2024 жылы қаңтар айында zoom платформасымен жұмыс істеу әдістері және зағип тұтынушыларға арналған компьютерлік ойындар, сонымен қатар зағиптарға арналған новигациялық бағдарламалар туралы сабақтар өтіледі екен. Ербол Бегимовтың кітапхана саласында жұмыс істегеніне 16 жыл болыпты. Осы жылдар аралығында ол үздіксіз Брайль қарпіндегі кітаптарды балаларға да, ересектерге де арнап басып шығаруда.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА