Қоғам

Құқықтық кеңес беретін жасанды интеллект іске қосылады

The final spritzer

Елімізде жаңа инновациялық технологиялар соңғы жылдары табысты енгізілуде. Цифрландыру бағытындағы мұндай сәтті трансформацияның мысалдарын сан саладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді және бизнес-процестерді оңтайлы шешуде, өмір сүру сапасын жақсартудағы жетістіктерден анық байқауға болады. Бұдан бөлек, цифрландыру басқару жүйесі заң саласына да айтарлықтай әсер етіп келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз жиынында облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов атап өтті.

Департамент басшысының сөзінше, өткен жылы республиканың барлық өңірлерінде жалпы саны жүз мыңнан астам адамды қамтитын 1 310 консультативтік-түсіндіру іс-шаралары өткізілсе, облыста 22 055 мыңнан астам адамды қамтитын 1285 консультативтік-түсіндіру іс-шаралары жүзеге асқан. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 2000-ға жуық «Құқық кабинеттері» ашылған.

Еліміздің заң саласындағы тағы бір маңызды жетістік – «Сот орындаушысы роботының» енгізілуі. Бұл бойынша 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар уақытылы төленбеген жағдайда уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын Робот сот орындаушысына береді. Іс қозғалғаннан кейін азаматтар іс туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар Egov Mobile-да 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама алады. Сол арқылы азаматтар айыппұл сомасының 25 пайыз қосымша төлеуден және сот орындаушысына барудан босатылады. Ал, бұл процесс дәстүрлі түрде жүзеге асқан жағдайда азаматтар айыппұл сомасының аталған мөлшерін сот орындаушысына төлеуге міндетті.

Цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап елімізде бүгінгі күнге дейін 2,2 миллиард теңге сомасын құрайтын 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалған. Осылайша, азаматтардың пайдасына үнемделген сома мөлшері 550 миллион теңгені құрады. Ал, облысымызда 583 миллион теңгені құрайтын 27 421 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалып, 28 миллион теңге үнемделген.

Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берген департамент басшысы биылғы жылы 300 мыңнан астам азаматты құқықтық сауаттылығын арттыруға оқыту жоспарланып, қарапайым заңгерлік кеңестер беруге және құжаттарды жинауға көмектесуге арналған «Әйтеке» көмекшісі жасанды интеллекті іске қосылатындығын да атап өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК