Жас жұмысшылар мәселесі талқыланды

«Тараз политехникалық колледжі» ғимаратында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен кеңес өтті. Онда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жас жұмысшыларға арналған «Сәтті мансапқа жол» жобаcы шеңберінде туындаған мәселелер қаралды.
Оған Тараз қаласы әкімінің орынбасары, қала аумағындағы ірі кәсіпорындардың басшылары, білім басқармасы, жоғары және орта білім беру ұйымдарының директорлары, Еңбек қатынастарындағы уәкілетті органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Бұл мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жауап берді. Оның айтуынша, Тараз қаласында 51 колледж жұмыс істеп тұр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алуда. Биыл 1202 студент оқу орнын бітірмек. Жалпы өткен жылы қала колледждерінің 1629 студенті техникалық білім алып шыққан, бірақ олардың тек 793-і, яғни 48 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, инженер, құрылыс және өндіріс сияқты салаларда білікті мамандарға сұраныс жоғары екені байқалады.
Сондай-ақ, жиын барысында жастардың жұмысқа орналасуы туралы ойларымен «Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің» директорының міндетін атқарушы Саят Қойшыбаев, «ГРЭС» акционерлік қоғамының директоры Александр Фурса және «Қазфосфат» ЖШС-ның директоры Юн Юдинович бөлісті. Жалпы, «Қазфосфат», «Энерджи Тараз» және «Қант зауыты» ЖШС тапсырысымен өңір колледждерінде 213 студент электромеханик, автокөлікке қызмет көрсету, токарьлық ісі, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі және аспаз мамандықтары бойынша білім алуда екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ