Жоба аясында жұмыс жәрмеңкесі өтті

Amanat партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Партияның облыстық филиалы мен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» және Тараз қаласы бойынша «Мансап» орталығы ұйымдастырған жәрмеңке негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көзделген. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы мен партияның сайлауалды бағдарламасындағы межелерді іске асыра отырып, ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамту.
Жәрмеңкенің ашылуында сөз алған Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» нағыз маман болу идеясын насихаттауды көздейтінін айтты.
Бүгінде облыста 45 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азамат тұрады. Оның ішінде I-топтағылар 4155 адам, II-топтағылар 17313, III-топтағылар 17390 адам болса, 18 жасқа дейінгі 6767 мүмкіндігі шектеулі тұлға бар. Ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамту үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аудандарда да өткізіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы 35 жәрмеңке өткізіліп, онда 96 адам жұмысқа орналастырылыпты.
Қамар ҚАРАСАЕВА