Биыл жүрек алмастыру ісі жүзеге асады

Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев жүрегі ауырып, дертіне ем іздегенде дәрігерлерге «Жүрегіңді сақта» деп өлең шығарған екен. Бірнеше мәрте аурухана төсегіне таңылған ол «Өзімнің жүрегімдей қайда маған» деп жырлап, ақ халатты абзал жандарға деген ілтипатын өлеңмен жеткізді. Гиппократ антын беріп адам өмірі үшін жауапты болған арлы дәрігерлер арамызда қаншама?
Ең мықты кардиологтар – Таразда. Осы сөздің айтылып жүргеніне біраз жыл болды. Расымен де республика бойынша ең білікті, ең танымал жүректің дертіне дауа табатын мамандар біздің шаһарда жұмыс істеп жатыр. Осы сөздің шынайылығын арттыра түсу үшін облыстық аурухананың кардиология бөліміне бас сұқтық. Бөлім басшысы Рауза Мақсұтқызымен дидарласып, сұхбаттастық. 35 жылдық тәжірибесі бар дәрігердің айтуынша, жан-жақтан мықты кардиолог іздеп сабылғандар Таразға ағылады екен. 2009 жылдан бері өңір медицинасының кардиология саласы жаңа бағытқа бет бұрған. Америкалық әдіс-тәсілді пайдалана отырып, жедел түрде жүрегі ауыратын адамдарға ота жасауды бастаған. Осы істі қолға алардың алдында Үкімет әр облыстан дәрігерлерді Израильге екі айға оқуға жіберіпті. Шетелде тәжірибе жинақтаған дәрігерлер алгоритммен жұмыс істеуді үйренген. Жаңа стандарт бойынша жұмыс жүргізуге машықтанған. Облыс кардиологиясы бұл әдісті 2011 жылы жүзеге асырған. Бөлімге медицинасы озық елде шығарылған заманауи аппарат сатып алынған. Осылайша, мамандар инфаркты аурумен келіп тұрған науқасқа ауруды тамырдың деңгейінде тоқтатып, жүрек бұлшықетіне шапқызбай, созылмалы жүрек жетіспеушілігінің алдын ала бастады. Мұны жүрекке қалқанша (стенд) салу деп атайды. Бұл кәдімгі тамыр арқылы инвазивті түрде ота жасау деген сөз. Осылайша, Рауза Мақсұтқызы бастаған облыс кардиологтары қаншама науқасқа жәрдемші бола біліпті.
Мұнда кардиология мен кардиореанимация ісі бірге жүргізіледі. Науқас ауруханаға түскеннен кейін бір сағаттың ішінде дерттің түрі анықталып, түрлі көмек көрсетіледі. Рауза Жұбандықова ең үздік маман деп рентген хирургиясының бөлім басшысы Берік Керімқұловты атап өтті. Израильге бірге оқуға барған білікті маманмен әлі күнге бірге қызмет істеп келе жатқандығын мақтан тұтты. Лаура Медетова, Мамур Ақтанқызы секілді бірнеше дәрігерлерді де тілге тиек етті. Өмірлік серігі Жандар Миятұлы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Жолдасы мал дәрігері. Облыстың ветеринария саласына еңбек сіңіріп жатқан азамат. Әңгімелері таусылмаған жұптың бір-бірімен сырласып, талқылайтын тақырыптары да көп. Отасқандарына да 35 жыл болыпты. Ол жұмысын – екінші отбасым, кейде одан да жоғары деп есептейді. Ал, биылдан бастап облыстық аурухана адамның жүрегін алмастыруды қолға алмақшы.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА