Мақсатына маңдай термен жеткен азамат
Мәдімар ауылының тұрғыны Рахымбек Кәрібаев еңбекке жастайынан араласты. Ол техника «тілін» ағасы Рысбектің қасында жүріп меңгерген болатын. Ол кезде Рахымбек мектептің 8-сыныбында оқитын. Сөйтіп бала жастан трактор жүргізіп, комбайн рөліне отырып, егін орағына да араласыпты. Бүгінгі кәсіп иесінің техникаға деген қызығушылығы осылай басталыпты.
Мектепті бітіргеннен кейін бес жыл Оңтүстік әскери қолбасшылығында жүргізуші болып жұмыс істедім. Қызмет істеп жүргенде аңсарым ауылға ауды да тұрды. Бір жағы ауылда мал және егін шаруашылығымен айналысқым келген болатын. Бұл ұсынысымды үйдегілерге айтып көріп едім, ағам Рысбек бірден қолдады. Сөйтіп, 2005 жылы ауылда 5 гектар алқапқа арпа, 10 гектарға мақсары сеуіп, алғашқы жылдың өзінде жақсы өнім жинай алдық. Міне, осылайша басталған кәсібім уақыт өте ұлғайып келеді, – дейді ол.
2016 жылы құрылған «Рахымбек» шаруа қожалығы бүгінде мал және егін шаруашылығымен қатар айналысуда. Қожалықта үш жүзден аса асыл тұқымды, жүзден аса аралас қой өсірілуде. Мал қыс айларынан қысылмай шығу үшін қыстау басында 8000 тонна табиғи шөп, 5 тонна арпа жемін дайындаған. Бүгінгі таңда шаруа мал төлдету науқанына дайындықты бастап кеткен. Бұл шаруаны Жантас Кемелов талапқа сай атқаруда. Оның мал бағуда мол тәжірибесі бар. Ол қасындағы жас шопандарға ақыл-кеңесін айтып, олардың жұмыстарын қадағалауда.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас ауылдағы майда шаруашылықтарды біріктіріп, «К-Байден» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, оны байыпты басқарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол Қазақстан Фермерлер одағының «Үздік фермер» төсбелгісімен марапатталды.
Кәсіпкер соңғы жылдары ауылда механизаторлардың жетіспейтінін де айтып қалды. Бір-екі жыл бұрын техникаларын Өзбекстаннан келген жалдамалы жұмысшылар жүргізіпті.
Қожалықтың еңбегі аудан, облыс тарапынан лайықты бағалануда. Атап айтсақ, алдыңғы жылы «Рахымбек» шаруа қожалығы егін саласы бойынша жылдың қорытындысында екінші орынды иеленіп, арнайы грамотамен және бағалы сыйлықтармен марапатталыпты.
Шаруа қожалық қойма мәселесін де өз бетінше шешіп отыр. Бұған дейін арпа-бидай дәнін өзгелердің қоймасында сақтап келген Рахымбек 1500 тонналық астық қоймасын салса, енді оның көлемін тағы 1000 тоннаға ұлғайтты. Осылайша, ол қоймаларда өз астығы мен мақсарысын, тұқымын сақтап отырған жайы бар. Қожалық бүгінде 5 адамды тұрақты, ал науқан кездерінде 20 адамды маусымдық жұмыспен қамтиды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы