Экономика

Төрт түлікке де бап керек

«Қыс шанаңды жаз сайла» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаса керек. Осы бір үрдістен жаңылмай келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл да мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуде. Жалпы мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, сонымен бірге төл алып, мал басын көбейтуге бастайтын кезең. Жылдағы қалыптасқан дәстүрмен қыстауларда мал азығының мол қоры жинақталған.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, биыл мал қыстауларында облыс көлемінде барлық санаттағы шаруашылықтарда 429,4 мың мүйізді ірі қара, 3017,8 мың ұсақ мал, 173,9 мың жылқы, 7,8 мың бас түйе қыстатылуда.

Жалпы, облыста 5862 қыстату бар болса, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үйі, 2184 қашарлар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне алдын ала дайындалыпты. Мал қыстатуға дайындық шараларына сәйкес мал азығын сатып алу, жұмысшыларға жалақы төлеу, жем дайындауға арналған құрал- жабдықтарды жаңарту және басқа да маңызды маусымдық жұмыстарды орындау үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы арқылы шаруаларға өткен жылы 5,3 миллиард теңге субсидия төленген.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ