Заң мен тәртіп – әділеттіліктің басты шарты

Қоғамда заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Әсіресе, құқықтық сауаттылықты жастардың бойына сіңіру аса маңызды. Осы мақсата облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тәуелсіздік залы» мәжіліс залында студент жастармен кездесу өтті. Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен аталған оқу орны бірлесіп ұйымдастырған жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жастар арасындағы құқықбұзушылық, есірткіге тәуелділік секілді өзекті мәселелер талқыланған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, кездесудің мақсаты «Заң және тәртіп» қағидаты аясында пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдау екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес, Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Облысымызда да Президент атап өткендей, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру жолында облыстық полиция департаменті бірқатар жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев баяндады.
Қоғамның тағы бір дерті – жастардың есірткі, психотроптық заттарды тұтынуы және тасымалдауға әуестенуі екендігін атап өткен Бауыржан Дәулетханұлы «Болашақ» колледжі мен «Парасат» колледжінде оқитын екі студенттен есірткі заты тәркіленгенін атап өтті. Аталған екі тұлғаға қатысты сот шешіміне сәйкес әрқайсысы 10 жылдан бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, баяндамашы скутер мен самокат тізгіндеген тұрғындарға қатысты 2 111 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 256-сы айыппұл тұрағына қойылғандығын жеткізді. Бұдан бөлек, ерікті жастардың қатысуымен өткен науқан барысында «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу», «Ортақ пайдаланылатын орындарды, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» бойынша 14 958 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
Жиын соңында Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек сөз алып, жастарды жаман әдеттер мен қылықтардан аулақ болуға шақырды.
Нұрболат АМАНБЕК