Олақ аудармалар ойдан шықпайды

Орашолақ олақ аудармалардан қазір көз сүрінеді. Жарнамалық баннерлерде, ас мәзірлерінде, түрлі қаптамаларда сауатсыз аудармалар қаптап жүр. «Айта, айта, Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, баяғы жартас, сол жартас. Бұл күндері «қылтимадан қылтиып қарап тұр» деген сөзге де бой үйренді.
Қай бір күні таңғы асқа балаларға тамақ жасайын деп қолыма «Дәмді себет» дүкендер желісінен алынған тары жармасын алдым. Сыртына қарасам «ажарландырылған тары» деп жазылып тұр. О заманда бұ заман, тары ажарландырылатын ба еді дедім. Сөйтсем, бұл шлифованный дегеннің тікелей аудармасы екен. Тазартылған тары болып тұр ғой. Ажарлы, сұлу, әдемі синонимдес сөздер деп мектеп қабырғасында өтуші едік. Мұндай теңеу адам баласына ғана айтылмақ. Ал мұны затқа, өнімге теңестіре алмаймыз.
Өткен аптада көптен көрмеген құрбылармен бас қосып, Желтоқсан көшесінің бойындағы «Besh BQ» деп аталатын қазақ асханасына бардық. Іші таза, қазақи, ою-өрнекпен әсемделген. Кереге керіліп, шаңырақ бейнеленген тамаша жер екен. Келісті келбетіне таңданып болып, ас мәзірін алдырдық. Мәзірге қарасақ, ыстық тағамдар деген бөлімінде «ылғалды қартаю бұқа қабырғасы», «құрғақ қартаю сиыр қабырғасы», «қартайған тай қабырғасы» деген атауларға қарап, шошып кеттік. Орысшадан тікелей аударған. Ылғалды – влажный, Құрғақ – сухой. Еттен жасалған тағамның бұл түрлерін қазақшаны мазақтағандай аударғандары шамымызға тиді. Даяшыны шақырып алып, түсіндірдік. «Айналайын-ау, қартайған бұқа етін кім жегісі келеді? Бұларың не? Ол ет қатты шығар. Қартайып өлгелі тұрған бұқаның еті деген не сұмдық? Мәзірді дұрыстап аударыңдар, қазақ тілін мазақтағандарың ба, бұл не?» деп бір ауыз ескерттік. Дегенмен, әлгі ылғалды қартаю бұқа қабырғасына арамыздағы қыздар тапсырыс берді. Ет расында тым қатты болды.
Қай бір жылдары осындай тікелей қате аудармасымен шұлықтардың сыртына жапсырылған «еркек шұлық», ішкі киімдердің қаптамасындағы «еркек қорқақтар» деген аударма желіні «жарды». Көпшілік жарыса жазды. Бірақ қанша айтылса да, шұлықтардың қаптамасында әлі де солай жүр. Және «Қызылжар құс» фирмасының «темекі тауығы» да елдің күлкісіне қалып еді. Құрылыс нысандары да соғып жатқан үйлерін ұсынарда орашолақ аудармалармен әзілкештердің нысанына айналып кетті. Бизнесте, белгілі компанияларда кетіп жатқан қателіктер, өріп жүрген сауатсыз аудармалар олардың беделін түсіреді әрі қаржылық шығынға ұшыратады.
Күлеміз бе, жылаймыз ба, бүгінде еліміздің әрбір емханасында арнайы «ауызбен суландыру» бөлмесі бар. Бұл дегеніңіз – ПОР кабинет. Орысшасы специализированные кабинеты пероральной регидратации. Яғни, іші өткен балақайларды, тамағы ауырғандарды емдейтін кабинет.
Күлетін түгі де жоқ. Бірақ мұның аудармасы дұрыс емес. «Жоғары жақтан солай бекітілген. Таразда ешбір кабинеттің сыртына бадырайтып жазып қоймаған. Бірақ Қызылорда, Шымкетте арнайы бөлменің сыртына іліп қойған. Біздің не кінәміз бар. Республикамыздың түкпір-түкпірінде осындай бөлмелер ашылуда. Қарапайым тұрғындар да бас дәрігердің бөлмесіне барып тұрып айтқандары болды. Кәдуілгі ингаляция. Тамақ ауырғанда бумен емдейді. Кабинеттің атын неге олай аударған? Ол жағын білмедім. Мұндай кабинеттер негізі 2018 жылдан бері бар. Аудармасы қалай бекітілді, солай қалған ғой. Іші тоқтаусыз өткен бөбектер сусызданып қалады. Соларға регидрон тағы басқа да дәрі-дәрмектерді үздіксіз беріп қадағалайды, ингаляция жасалады», – дейді №8 қалалық емхананың дәрігері Айнұр Жақсынбет.
Ұтымды аударма жасау үшін әр сөз орамының мағынасын түсіну қажет. Медицина «тілінің» аудармасы тіптен қиын. Өрескел қателердің көп болатыны да сондықтан. Қарап отырсаңыз медицинаның да «тілін» емдеу керек.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, өз-өзімізді түзейтін шақ келді. Орыс тілінен сөзбе сөз аудара салмайық! «Работать» дегенді «жұмыс жасау» деп жүр. Жұмыс жасалмайды, істеледі. «Алаяққа алданды» дейді, дұрысы «Алаяқтан алданды». Осы секілді калька аудармалар «ағымдағы жылы», «анықталғандай», «болады» деген аудармалардан да арылсақ екен!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА