Спорт нысандары халыққа қолжетімді болуы тиіс

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде спорт саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер талқыланды. Жалпы, өткен жылы аймақта 115 спорт нысаны пайдалануға берілген, оның 9-ы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3-і спорт кешені және 103-і спорт алаңшасы.
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, өткен жылы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілген. Оның 9-ы қолданысқа беріліп, биыл қалған 6 спорт нысанын ел игілігіне беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 103 спорт алаңшасы ел игілігіне берілсе, демеушілердің қолдауымен 3 ауылдық елді мекенде спорт кешені ашылған.
Өткен жылы спорт саласының шығындарына 15,8 миллиард теңге бөлінсе, биыл 17,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биыл бұқаралық спортты дамытуға 460,9 миллион теңге жұмсау көзделген. Бүгінде 28872 спортшымен 1195 жаттықтырушы тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. 18 спорт түрі бойынша 6871 бала (5-17 жас аралығындағы) спорт секцияларына тегін қатысып жүр. Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, тұрғындарды дене шықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 285 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 4034 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 363 мың жамбылдық қамтылған. 503 мың адам немесе облыс халқының 41,2 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылдануда. Облыс спортшылары былтыр 1797-і медальді қанжығасына байласа, оның 658-і алтын, 570-і күміс, 569-ы қола.
Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов чемпион атанса, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали күміс жүлдеге ие болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 17 жамбылдық спортшы сегіз спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Нәтижесінде қоржынға 7 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль түскен.
Сондай-ақ, басқарма басшысы баяндамасында спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, байрақты бәсекелерді жоғары нәтижеге қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту мәселесіне көңіл бөліп, спортпен шұғылданушылар санын және халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін одан әрі арттыру бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді. «Спорт нысандары халыққа қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс» деп тапсырды аймақ басшысы. Осылай деген Ербол Қарашөкеев өңірдегі спорт нысандарының жай- күйіне ерекше назар аударды. Аймақ басшысы дене шынықтыру және спорт басқармасына құрылысы жүріп жатқан және қолданыстағы спорт нысандарын жүйелі түрде зерделеуді, ондағы анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді, сондай-ақ, 2028 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықты қазірден күшейтуді тапсырды.
Басқосу барысында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің спорт саласын дамыту туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ, облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы барысы да аппарат кеңесінде қаралды. Жиын қорытындысында Ербол Қарашөкеев халық көтерген мәселелерге құлақ асып, шешу жолдарын қарастыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ